Қарағанды облысында мемтапсырыспен салынған үйлер сапасыз болып шықты
Қарағанды облысы Нұра ауданының тұрғындары жаңа үйлердің сапасына наразы. Айтуларынша, мемлекеттік кезекте тұрған жандарға берілген баспана дұрыс салынбаған. Аласа мұржаның кесірінен пеші жанбайды, ылғалдың кесірінен ауырғандар көбейген.
- Міні төбелерінен су ағып тұр. Неше күн болды?!
Нұра ауданының тұрғыны Ерік Сағынаев мамыр айында қоныс тойын тойлаған. Бірақ қуанышы ұзаққа бармады. Сырты бүтін үйдің іші мәселеге толы екен. Пеші дұрыс жанбайды, төбеден су ағады, едені де қисық. Ең сорақысы, ылғалдың кесірінен қарт анасы да жиі ауыратын көрінеді.
Ерік Сағынаев, Нұра ауданының тұрғыны:
Пеш жанбайды, төбеден су ағады. Трубасы дұрыс салынбаған. Кішкентай. Дұрыс жанбайды. Бітеліп қала береді. Қыста қиын ғой. 20 миллионға тұрмайды бұл үй. Болмаса өздерің салып алыңдар дейді. Болмаса шығыңдар дейді. Дұрыс емес қой.
16 пәтерлі 4 жер үй өткен жылдың желтоқсан айында беріле бастаған. Мемелкеттік тапсырыспен салынған үйлердің құны 18-20 миллион теңгеге бағаланып отыр. Ақшасы да толық төленген. Ал тұрғындар болса, жаңа үйдің машақаты көп, сапасы сын көтермейді дейді.
- Пеш жаққа қандай адам натяжной потолок салады? Бәрі еріп жатыр, тасып бытшыт болып жатыр. Батареялардың бәрі қайнап жатыр.
- Батареялар тез суып қалады. Ванныйдағы мүлде істемейді. Ауыстырып беріңіздер деп айттым. Үйдің іші сасып жатыр. Көк. 5 балам да ауырып жатыр. Қайда барарымызды білмеймін.
Үйді қабылдап алу кезінде бұл мәселелердің бірі де ескерілмеген. Тұрғындар әкімдікке қанша айтқанымыз бен шара қолданылмады дейді. Ал жауаптылар қыс түскенше барлық мәселені ретке келтіреміз деп уәде берді.
Бауыржан Оспанов, аудандық ТҮКШ бөлімінің басшысы:
Мына шығып жатқан мәселелер бізге ресми түрде айтылған жоқ. Келесі наурыз айына дейін кепілдік мерзімі бар. Сол уақытта біз мердігерді шақыртып, пеші бар, тоғы бар сонымен жұмыс істейміз.
Жауапты мердігер компания өкілдері сұқбат беруден бас тартты. Дегенмен Ұлттық арнаның араласуымен осы күндері жөндеу жұмыстары басталды.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
