Ақпарат. Каспий теңізінің мәртебесі туралы құжат қысқа уақытта ратификацияланады
17.08.2018
Қазақстан Каспий теңізінің мәртебесі туралы конвенцияны жақын арада ратификациялайды. Бұл туралы бүгін Сыртқы істер министрлігінің айрықша тапсырмалар жөніндегі елшісі Зульфия Аманжолова айтты. Сыртқы істер министрлігі бұл жұмысқа жедел кірісіп, құжатты құзырлы органдардың қарауына жібереді. Халықаралық құжатты ратификациялау рәсімнің мерзімдері мен арнайы тәртіптері бар. Дегенмен, министрлік бұл жұмысты көп кешіктірмей аяқтауға мүдделі. Айта кету керек, өткен аптада Ақтауда өткен Каспий маңы елдері президенттерінің саммитінде аталған құжат қабылданған болатын. Оның жобалық нұсқасы өткен жылдың соңында Сыртқы істер министрлерінің деңгейінде келісілген еді.