Таңшолпан. Елордада Нұрғиса Тілендиев атындағы «Өз елім» атты фестиваль өтіп жатыр
01.04.2019
Бүгін – қазақтың күйші композиторы, дирижері, домбырашысы Нұрғиса Тілендиевтің туған күні. Нұрғиса Тілендиев 500-ден астам музыкалық төл туындылардың авторы, домбыра арқылы айтар ойын жеріне жеткізе айтқан домбырашы.
Ұлы тұлғаның туған күніне орай елорда төрінде «Өз елім» атты фестиваль ұйымдастырылды. Фестивальге бірнеше мемлекеттің өкілдері қатысты. Фестиваль аясында бүгін гала-концерт өтеді.
Қырғызстан Республикасының Халық әртісі Мұратбек Бегалиев, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері Ұлан Кенжебеков, әнші Нұржамал Үсенбаева «Tansholpan»-ның қонағы болды.
«Бұл фестивальде қазылар алқасы қатарында болу мен үшін үлкен мәртебе. Бірақ біреуге баға беріп, тағдырын шешу - үлкен жауапкершілік. Қазіргі жастардың дауыстары керемет, фестиваль деңгейі жоғары», дейді Нұржамал Үсенбаева.
«Биылғы фестивальге 5 мемлекеттің әншілері қатысты. Өнер додасы жыл сайын белесін биікке көтеріп келе жатыр. Нұрғиса Атабайұлының әндері жүрекке жылы. Ол әндерді орындау үшін арнайы дайындық керек және де әркімнің қолынан келе бермейді.
Шетелден келген жастар қазақтың әнін қалай орындайды екен деген ой болды. Алайда олардың орындауындағы қазақ әндері қуантты. Сахнаға шыққан азаматтардың барлығы көңілден шықты», дейді Ұлан Кенжебеков.
«Нұрғиса ағамызды бала кезімнен танимын. Бірге жұмыс істеген кезіміз де болды. Ұлы адамдарды ұмыт қалдырмай, жастарға шығармашылығын тарату қажет. Жастарға көңіл бөлген мемлекеттің болашағы жақсы» , дейді Мұратбек Бегалиев.