Таңшолпан. Бүгін - Қаныш Сәтбаевтың туған күні - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Таңшолпан. Бүгін - Қаныш Сәтбаевтың туған күні

12.04.2019
Қаныш Имантайұлы – Жезқазған кен орнын ашуы, Қазақ ғылым академиясының негізін қалаушы, қазақтан шыққан тұңғыш академик. Қаныш Сәтбаев ұлтының болашағы үшін Алаш идеясын жалғастырушылардың бірі болды. 1947 жылы Англияға сапар кезінде Ұлыбританияның экс премьер-министрі У.Черчилль қалжыңдап «Барлық қазақтар сіз сияқты сұңғақ, батыр тұлғалы ма?» деп сұрапты. Сонда академик «О, жоқ, Черчилль мырза, қазақтардың ішіндегі ең кішісі мен, менің халқым менен де биік» деп жауап беріпті. Қ.Сәтбаев ғылыми-танымдық орталығының директоры Аспандияр Әденұлы: Қаныш Сәтбаев, Мұхтар Әуезов, Жүсіпбек Аймауытов, Әлкей Марғұлан 20-шы ғасырдың басында Семейде мұғалімдер семинариясында білім алды. Сол кезде бұлар Алаш арыстарымен тікелей араласты. Оларды пір тұтып, олардан үйренді. Соларға қарап бой түзеді. Яғни кейінгі жылдары Сәтбаевтың атқарған қызметі, еңбегі тікелей Алаш идеясын, Алаш арыстарының арманын іске асыруға жұмсалды. Қаныш Имантайұлы 1899 жылдың 12 сәуірінде Павлодар облысының Баянауыл ауданында дүниеге келген. Шын есімі Ғабдулғани. Сауатын ауыл молдасынан ашқан болашақ ғалым, ауыл мектебіндегі төрт жылдық бағдарламаны үш жылда аяқтайды. Ұлан байтақ жердің байлығын игеруге бүкіл ғұмырын арнаған Қаныш Имантайұлы қазақ геология ғылыми мектебінің негізін қалады. Жезқазғанның кенін зерттеп, Сарыарқаның металлогендік және болжам картасын жасауға еңбек сіңірді. 1929 жылы темір-марганец кендерін игерудің негізінде Қарағанды облысында қара металлургия өнеркәсібін дамыту туралы мәселесін көтерген. Сәтбаевтың геологиядан басқа ғылымдарда, мәдениет саласында, тарихта қалдырған еңбектері мол. Ш.Уәлиханов жазып алған «Едіге» жырының мәтініндегі қазақ оқырмандарына түсініксіз араб, татар сөздерінен тазартып, қазақ тілінің жаңа орфографиясының негізінде қайтадан дайындаған.

Таңшолпан

Эфир уақыты: дүйсенбі-жұма, 7:00-10:00 аралығы«Таңшолпан» - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасының беташар бағдарламасы. Бағдарлама қоғамда қызу талқыға іл