Басты Жобалар Таңшолпан «Qazaqfilm» киностудиясы жаңа форматты анимациялық фильмдер жасайды

«Qazaqfilm» киностудиясы жаңа форматты анимациялық фильмдер жасайды

«Tansholpan»-ның тілшісі аты аңызға айналған «Qazaqfilm» киностудиясына барып қайтты. Еліміздегі ең ірі кино алаңының аумағы 16 гектарды құрайды. Оның ішінде түсірілім павильондары, таспаға шығаратын өндірістік зертханалық кабинет, дыбыс режиссердің студиясы, анимациялық фильм бірлестігі, киім-кешек пен реквизиттер дайындайтын арнайы цех бар. Ол жер қызыққа толы. «Qazaqfilm» киностудиясында түсірілген алғашқы фильм - «Атаманның ақыры», ең алғаш түсірілген телесериал - «Тоғысқан тағдырлар». Қоймадағы киімдер мен реквизиттердің жалпы саны – 25 мыңнан асады. Қазақфильмнің әр бөлімі тарихтан сыр шертеді. Анимациялық фильм бірлестігі иісінің өзі бөлек. Себебі мұнда анимациялық мультфильмдер дүниеге келеді. Әмен Қайдаров негізін салған қазақ анимациясындағы сүйікті кейіпкерлерге дәл осы жерде жан мен тіл бітті. Мұзбалақ қияға қонды, Күлтегін жауға шапты. «Қазақ мультипликациясына жаңа буын келді. Ол жаңа идея, сценарий, көзқарас. Қазақ анимациясына 50 жыл. Осы уақытқа дейін көбінесе ұлттық нақышта сурет салдық. Көрермендер заманауи тақырыптағы кейіпкерлерді сұрайды. Ендігі бағытымыз – сериал форматындағы анимациялық фильмдер», дейді Абай Әбілда.
Бөлісу