«Qazaqstan дауысы. Балалар» музыкалық мегажобасы - әлемнің 100-ден астам елінде көрсетілген әйгілі «The Voice. Kids» телешоуының қазақстандық нұсқасы. Байқауға 8-14 жас аралығындағы балалар қатыса алады.
Музыкалық байқау жалпы төрт кезеңнен тұрады. «Көрмей таңдау» кезеңінде тәлімгерлер іріктеуден өткен қатысушыларды көрмей, дауысына баға беру арқылы таңдайды.
Ал екінші «Жекпе-жек» кезеңінде әр тәлімгер өз командасын триоға (үштікке) бөледі. Бұл кезеңде қатысушылар трио ретінде бір әнді орындайды. Орындау нәтижесі бойынша тәлімгер үш қатысушының ішінен шоудан кімнің шығатынын шешеді.
Келесі «Тікелей эфир» кезеңінде тәлімгерлер тобында қалған қатысушылар арнайы қойылым қойылған бір әнді орындайды. Дауыс беру нәтижесінде әр командадан бір немесе бірнеше қатысушы жобадан шығады.
Үш тікелей эфирдің қорытындысы бойынша әр командадан бір қатысушы финалға жолдама алады. Ал шоудың финалында әр қатысушы жеке және тәлімгермен дуэтте ән орындайды.