Жоба мақсаты – тарихтағы әйелдердің субъективтілігін көрсету, олардың ғылымдағы, ағартушылық пен мәдениеттегі рөлі, репрезентациясын насихаттау.
Қазақ мемлекеттілігін қалыптастырушылар, ғалымдар туралы айтылғанда қазақ әйелдерінің дара тұлға ретіндегі еңбегі мен сабақтастығы назардан тыс қалып келген. Олардың қатарында жұрт Міржақыптың әйелі деп танитын Ғайнижамал Дулатова бар. Қазақ қыздарынан шыққан алғашқы журналист-ағартушы Нәзипа Құлжанова бастаған бір топ әйел Алаш қозғалысы үшін еңбек етті. «Айқап», «Қазақ» сияқты басылымдар арқылы қыздардың көзін ашты, ұстаздық етті, ғылыммен айналысты. Ұлт көсемінің қызы Зейнеп Бөкейханованың медицинадағы еңбектерін көбі танымайды. Қазақ даласындағы алғашқы әйел дәрігерлер Гүлсім Асфендиярова, Аққағаз Досжанова, Мүбинә Ниязова жұртты емдеп қана қоймай, газет-журналдарға гигиена, тамақтану мен денсаулық туралы мақала жазып, білгенімен бөлісті.
Деректі фильмде жекелеген тұлғалардың қалыптасуы, өмір жолы, сабақтастығымен қатар әйел эмансипациясына қатысты саяси идеология талданады.