Тараз Мемлекеттік педагогикалық институтын биыл екі мыңға жуық жас маман бітірді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тараз Мемлекеттік педагогикалық институтын биыл екі мыңға жуық жас маман бітірді

02.07.2015
Тараз Мемлекеттік педагогикалық институтын биыл екі мыңға жуық жас маман бітірді

Бүгін Тараз Мемлекеттік педагогикалық институтының түлектері диплом алып, үлкен өмірге қанат қақты.

Биылғы жылы жоғары оқу орнын 27 мамандық бойынша 1917 студент тәмәмдады. Оның 1135-і - күндізгі, 782-і - сырттай бөлімнің студенттері.  

«Сіздер бүгін 50 жылдық тарихы бар іргелі білім ордасын тәмамдап, үлкен өмірге жолдама алғалы отырсыздар. Бұл -барлығымыз үшін ерекше күн, ерекше мереке. Біздің түлектеріміздің қатарында есімдері елге танымал қоғам қайраткерлері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаттары, Қазақстанның Еңбек Ері атағының иегерлері, белгілі ғалымдар мен ұстаздар, даңқты спортшылар бар.

Сіздердің алдарыңызда тұрған ең басты міндет - институттан алған білімдеріңізді тәжірибемен ұштастыра отырып, еңбек нарығында жоғары бәсекеге қабілетті кәсіби тұлға болу», - деді салтанатты жиын барысында сөз алған институт ректоры Дария Қожамжарова.

Шарада «Томирис» бишілер тобы, «Көне Тараз» фольклорлық-этнографиялық ансамблі және халықаралық, республикалық ән байқауларының жеңімпаздары әннен шашу шашып, жастарға ерекше көңіл-күй сыйлады.

Сондай-ақ, әр жылдары осы оқу орнын бітірген түлектер ізбасарларына жылы лебіздерін жеткізіп, диплом табыстады.

Айта кетейік, Тараз Мемлекеттік педагогикалық институты - көпжылдық білім саласында және ғылыми жұмыстарда тәжірибесі мол бірден-бір жоғары оқу орны. Білім ордасындағы 7 факультет 27 мамандық бойынша білім береді.

Хабарламаларға жазылу