Ермек Күзенбаев: Орталықтың мақсаты – білікті мамандар даярлау - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ермек Күзенбаев: Орталықтың мақсаты – білікті мамандар даярлау

11.06.2015
Ермек Күзенбаев: Орталықтың  мақсаты – білікті мамандар даярлау

Елордада күзде «APEC Petrotechnic» жоғары білім беру мектебінің филиалы ашылады. Атырау аймақаралық орталығы, мұнай-газ саласындағы білім берудің көшбасшысы – Канаданың Оңтүстік Альберта технологиялық институтымен бірлесіп құрылып отыр.  Осыған орай «APEC Petrotechnic» жоғары білім беру мектебінің директоры Ермек Күзенбаев бүгін «Таңшолпанда» қонақта болды.  

Атырау қаласындағы мұнай-газ саласының мамандарын даярлайтын мектептің тыныс-тіршілігі мен жаңалығы төңірегінде әңгіме өрбіткен Ермек Күзенбаев: «Еліміздегі мұнай-газ өңдеу компаниялары көбіне мамандардың біліктігі жетіспейді деп, шетелден кадр алып келіп жатады. Орталықты  ашудағы негізгі мақсат – шетелдік мамандардың орнын басу, жоғары білікті мамандар даярлау»,-дейді.

«Бізде студенттер үш мамандық бойынша оқытылады. Бірінші – кен орындарын пайдалану. Мұнда студенттеріміз геологияға және қайта өңдеу кезеңіне қосылмайды. Бірақ, ортадағы барлық операциялар бойынша қызмет етеді.  Екінші, бақылау-өлшеу құралдары және автоматика. Бұл мамандық негізінен мұнай-газ нысандарына қызмет көрсетуге бағытталған.

Мұнда студенттер мұнай-газ өндіруден және оны қайта өңдеу барысы бойынша барлық операциялар кезінде жұмысқа орналаса алады. Үшінші мамандық – «мұнай-газ өндіру технологиясы», деп аталады. Мұнда студенттердің геологиядан бастап қайта өңдеу кезеңіне дейінгі операциялар кезінде жұмысқа тұра алады. Бұл – студенттеріміздің мүмкіндігін арттырады және түлектерімізге жұмыс орнын таңдауға жағдай жасайды».

«Бүгінде 600 студент білім алуда. Жоғары мектепке түсу үшін ағылшын тілін білу міндетті. Сосын математика, физика пәндерінен емтихан тапсырады, сондай-ақ, логикалық тест болады»,-дейді «APEC Petrotechnic» директоры.

Хабарламаларға жазылу