Оңтүстік Қазақстан облысында Ұлттық бірыңғай тестілеудің қорытындысы бойынша 604 үміткер «Алтын белгі» иегері атанды, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.
«Биыл 30 982 мектеп бітірушінің 71 пайызы тест тапсырды. Орташа көрсеткіш - 78,7 балл. Оның ішінде 16 924 бітіруші немесе бітірушілердің 93,5 пайызы шектік деңдейден өтіп, жоғары оқу орнына түсуге мүмкіндік алды, Ал, 3 398 бітіруші 100 балдан жоғары көрсеткішке ие болды. Ең жоғарғы 125 балды Түлкібас ауданындағы облыстық дарынды балаларға арналған мектеп-интернатының түлегі Лаура Абдазимова иеленді. Сондай-ақ, 5 оқушы - 124 балл, 22 оқушы - 123 балл жинаған», - дейді облыстық Білім, жастар саясаты және тілдерді дамыту басқармасының басшысы А.Елшиева.
ҰБТ қорытындысы бойынша Кентау, Түркістан қалалары мен Созақ ауданының түлектері жоғары нәтиже көрсетіп, үздік үштікке енді.
Айта кетейік, соңғы төрт жылда облыс түлектерінің ҰБТ-дағы орташа көрсеткіші - 11,8 балға жоғарылап, «Алтын белгі» иелерінің саны 366-ға артқан.
Ал, тест тапсыруға ниет білдірген 18 112 бітірушінің 96-сы халықаралық олимпиада мен ғылыми жобалар жарысының жеңімпаздары ретінде тест тапсырудан босатылған.