Жанат Қарманованың «Бала ғашық» атты бейнебаяны жарыққа шықты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жанат Қарманованың «Бала ғашық» атты бейнебаяны жарыққа шықты

09.06.2015
Жанат Қарманованың «Бала ғашық» атты бейнебаяны жарыққа шықты

Шығармашылығындағы жаңалықтарымен бөліскен әнші: «Биыл тұңғыш бейнебаянымды шығардым. Айгүл Бажанованың әні – «Бала ғашық» деп аталады.  Халық назарына ұсынылғалы бері жақсы лебіздер естіп жатырмыз. Тіпті, Қытай, Ресей көрермендері баға беріп жатыр.

 Алғашқы клип болғандықтан, көңілім өсіп отыр. Меніңше, бейнебаянның сәтті шығуына онда түскен балалардың еңбегі әсер етті. Бала – періште ғой. Оның үстіне арнайы театр үйірмелеріне қатысқан балалар емес, қарапайым ғана туған-туыс, дос-жаран, таныс-тамыр, әріптес  жандардың балалары»,-дейді.

Ұлы Абайдың жас кезіндегі суреттеріне қатысты әнші: «Абайдың бұл суретін тапқан мен емес және суретті маған берген Жарылқап Нұсқабайұлы да емес. Бұл суретті тапқан ғұлама ғалым – Әлкей Марғұлан.

Сурет Абайдың 125 жылдығына 1970 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінде басылған екен. Ал, мұны  қалай таптық, деген әңгімеге келер болсақ, жуырда ғана Абайдың ән кешін өткізген кезде  мүйізі қарағайдай әншілерден кейін маған ән қалмай қалар деген оймен өзім алдын ала кірісіп, ән іздедім.

Біраз, әншілермен  тілдескен соң Шәмшінің Абайдың сөзіне ән жазғанын білдім. Содан сол әннің ізіне түстім. «Буынсыз» тілім деп аталатын өлеңіне Шәмші Қалдаяқов «Тыңда мені, достарым» деген ән жазған екен.  Бірақ, Шәмші ағамыздың әнінде кейбір сөздер ауысып кеткен. Сараптама жасай келе, Абайдың әр жылдары жарық көрген өлеңдерін салыстыра отырып,  өлеңнің әр сөзін орнына келтірдім.

Абайдың әндерін халық бірінші нотасынан-ақ таниды. Ал, мына ән бірінші рет орындалайын деп тұрған соң, «Тыңдалмаса сөз жетім» дегендей, тыңдалмай қалса деген оймен, ЛЕД-экран арқылы бейнекөрініс жасағым келді.

Философиялық ән 12 сөйлемнен ғана тұрады. Сол 12 сөйлемді халық көзімен көрсе екен, деген ниетпен бейнематериал жасау барысында «Білім» баспасының  директоры  Жарылқап Нұсқабайұлымен кездестім. Сонда Жарылқасын аға  Абайдың жас кезіндегі фотосы барын айтты. Осылайша, фотоға құда түстім»,-дейді.

Сұхбаттың толық нұсқасын «Таңшолпаннан» көріңіз.

Хабарламаларға жазылу