Қазақстан Елшісі Ержан Қазыханов Уэльске сапарлады

05.06.2015
Қазақстан Елшісі Ержан Қазыханов Уэльске сапарлады

2-3 маусым күндері  Қазақстан Елшісі Ержан Қазыханов Уэльске сапарлап барды. Ондағы мақсат – Қазақстанның Ұлыбритания аймақтарымен қарым-қатынасын кеңейту, Уэльстің алдыңғы қатарлы технологияларын Қазақстан экономикасына тарту, бірлескен экономикалық және мәдени-гуманитарлық жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік жасау.

Сапар барысында Е.Қазыханов Кардифф қаласының мэрі Д. Уолкермен, Уэльс Ұлттық ассамблеясы төрағасының орынбасары Д. Мелдингпен, Уэльс Үкіметінің бизнес, экономикалық ғылымдар және көлік басқармасының директоры М. МакГуаермен, сондай-ақ, академиялық және іскер топтар өкілдерімен кездесулер өткізді.

Сонымен бірге, Елші Кардифф Университетінің Медицина мектебі онкология және генетика Институтының профессоры Д. Киплингпен және Уэльстің жоғары оқу орындарында оқитын қазақстандық студенттермен кездесті.

Кездесулер барысында Елші Қазақстандағы саяси және экономикалық реформаларға баса назар аударды. Сонымен қатар, ол Қазақстанның әлемдегі тез дамып келе жатқан экономикалардың ондығы қатарына енетіндігін атап өтті.

Өз кезектерінде Уэльс басшылығының және іскер топтарының өкілдері маңызды реформалар мен тиімді әлеуметтік және экономикалық саясат жүргізіп жатқан біздің еліміздің Орталық Азиядағы жетекші рөлін атап өтті.

Қазақстанның өз экономикасын жаңартудағы және жоғары технологияларды тартудағы күш-жігеріне назар аударған Уэльстік бірқатар компания басшылары қазақстандық өнеркәсіптің түрлі салаларында нақтылы инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға қызығушылық танытты.

Сапар барысында Елші Е.Қазыханов шымкенттік Арман есімді баланы асырап алған британдық Пол және Сара Эллиоттар отбасымен де кездесті.

Хабарламаларға жазылу