Еркежан Мәдениетова шетелдік арияларды әуелете шырқайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еркежан Мәдениетова шетелдік арияларды әуелете шырқайды

01.06.2015
Еркежан Мәдениетова шетелдік арияларды әуелете шырқайды

14 жастағы Еркежан Мәдениетова әншілік қабілетімен талайды таңдай қақтырып жүр. Ол ең алғаш рет 3 жасында сахнаға шықты. Содан бері түрлі байқауларға үзбей қатысып келеді. Бармақтай бағына емес, таудай талабына сенген қыз «Бозторғай», «Виват талант» және «Дельфий ойындары» конкурстарынан бас жүлдені жеңіп алған.

Ал, Новосібір қаласында өткен «Сібір жұлдыздары жарқырайды» атты халықаралық фестивальде 300 вокалистің арасынан топ жарып, бірінші орынды иеленді.

«Үш жасымнан бастап арманына аяқ басып келемін. Келешекте қазақтың бұлбұлы  Бибігүл Төлегенова, Нұржамал Үсенбаева, Майра Мұхамедқызы сияқты әнші болғым келеді. Бұл кісілер – бала кезімнен тыңдап өскен сүйікті әншілерім»,-дейді жас өнерпаз.

Еркежан былтыр Вьетнамда өткен жас таланттар байқауынан да олжалы оралды. Содан кейін ата-анасы дарынды қыздарын Ахмет Жұбанов атындағы музыка мектебіне беруді ұйғарды.

«Маған әріптестерім Еркежанның дыбыс жазбасын қосып берді. Тыңдап көрдім де вокалдық дарынына қайран қалдым. Ананың сүтімен дарып, қанға сіңген, табиғаттың өзі сыйлаған  ғажап дауыс иесі екеніне көзім  жетті. Бұл осы жастағы жасөспірім үшін керемет көрсеткіш. Шәкіртімнің болашағы зор»,-дейді ұстазы Лариса Нефедова.

Бүгінде 9 сыныпты тәмамдаған Еркежан қазақ әндері мен шетел тіліндегі арияларды әуелете шырқайды.

Толығырақ «Таңшолпаннан» көре аласыздар.

Хабарламаларға жазылу