Біз жат жұртта қалған жауынгерлерді қалай іздестіріп жатырмыз? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Біз жат жұртта қалған жауынгерлерді қалай іздестіріп жатырмыз?

10.05.2015
Біз жат жұртта қалған жауынгерлерді қалай іздестіріп жатырмыз?

Қазақ елінің Жеңіске қосқан үлесі орасан. Дүниені дүр сілкіндірген сұм соғыстың алғашқы күнінен бастап, жауға тойтарыс берген жерлестеріміз асқан ерлігімен көзге түсті. Жеңіс жолында талай боздақ опат болып, майдан даласында мәңгі қалды.

Арада 70 жыл өтсе де, сан мыңдаған жауынгерден әлі де еш дерек жоқ. Тіпті, олардың туыстары сарбаздардың қалай қаза тапқанын және қайда жерленгенін де білмейді.

Еліміздің Германиядағы Елшілігі Жеңістің 65 жылдығында «Саксон» мемориалдар ұйымы құжаттама орталығының көмегімен алғаш азапты абақтыларда қаза тапқандар туралы деректерді жинауға кіріскен.

Біздің елдің Елшілігі әзірлеген «Арманда кеткен боздақтар» атты кітабына тұтқында болған бес мыңнан астам қазақстандықтың тізімі жарияланды. Онда жерлестеріміздің қайда және қандай лагерьлерде қаза болғаны туралы мәліметтер қамтылған.

Бұған дейін елімізде хабарсыз кеткен майдангерлерді іздестіру және анықтау жұмыстары жүйелі түрде жүргізілген жоқ. Қараусыз қалған қабірлерді табу, мәйіттерді көтеру және қайта жерлеу жұмыстарын тек еріктілерден құралған Астана, Павлодар және Ақтөбедегі  топтар жүзеге асырып келді.

Із-түзсіз кеткен майдангерлерді іздестіру жұмыстарына «Қазақстан» Ұлттық телеарнасына да үлес қосып келеді. Сыртқы істер министрлігі мен Елшіліктер және іздеу топтарының көмегімен кейінгі жылдары табылған жауынгерлер тізімін жинады.

Бұл  мәліметтер Ұлттық арнаның ресми сайтындағы «Жат жұртта қалған жауынгер» атты бөлімде жариялануда және үнемі толықтырылып отырады.

Хабарламаларға жазылу