Бүгін – Қазақстан халқының бірлігі күні - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгін – Қазақстан халқының бірлігі күні

01.05.2015
Бүгін – Қазақстан халқының бірлігі күні

Бірлік күні елімізде Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығына сәйкес 1996 жылдан бастап атап өтіледі. Қазақстан үшін бұл мереке дәстүрлі де маңызды мейрамдардың біріне айналды. Себебі, Тәуелсіз Қазақстанның басты жетістіктерінің бірі – оны  мекен еткен халықтардың арасындағы келісім мен еліміздегі тыныштық.

Бұл күнді еліміздің басты мерекесіне айналдыру идеясына Мемлекет басшысы Н.Назарбаев бастама жасаған.

Көптеген ұлттардың ортақ шаңырағына айналған Қазақстан бейбітшілік пен келісім арқылы әлемге үлгілік жолды нұсқап келеді. Әйтсе де, ұлтаралық келісім мен дінаралық татулықтың алтын бесігін тербету аяқ астынан туындаған немесе қазақ даласында өздігінен пайда болған дүние еместігі белгілі.

Ел иесі, жер иесі саналатын қазақ халқы алмағайып замандарда шартараптан бас сауғалаған, тағдыр тәлкегімен босып келген басқа жұртты бауырына басты. Өзінің тоз-тозы шыққанына қарамастан, басқаның қайғысына да ортақтығын танытты. Кеңестік жүйе қыспағымен қазақ даласын паналаған бөтен жұрт осында мәңгілік тұрақтап қалды.

Қазақ халқының даналығы, кеңдігі мен сыйластығы этностық тегіне, әлеуметтік, діни және де шығу тегіне қарамай, жаңа мемлекеттің барша азаматының ұйысуына себепші болды.

Бұл күні Астана мен Алматыда, барлық облыс орталықтары мен аудан-ауылдарда қазақстандық толеранттық пен ынтымақтастықты, жарастықты, тату тірлікті паш еткен шерулер мен фестивальдар, елімізді мекендейтін барлық этностардың этномәдени  бірлестестіктерінің ұйымдастырумен басқа да мәдени шаралар, спорттық жарыстары өтеді.

Хабарламаларға жазылу