Бүгін – Қасым Қайсеновтің туған күні - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгін – Қасым Қайсеновтің туған күні

23.04.2015
Бүгін – Қасым Қайсеновтің туған күні

«Мен соғыс кезінде ажалдың алдына неше барып, неше қайтқан адаммын. Періштем қақты ма, әлде су ішкілігім болды ма, соның бәрінде аман қалдым.  Ал, алғаш шабуылға шыққан күні-ақ бірінші оққа ұшқан бейшаралар аз ба? Солардан менің қай жаным артық еді? Ендеше мына көріп жүрген күндерімді олжа демей, не деймін?». Бұл – әйгілі майдангер, Кеңес әскерінің даңқты партизаны Қасым Қайсеновтің сөзі.

Соғыстан кейінгі ғұмырын бақытқа балайтын Халық қаһарманы 1918 жылдың 23 сәуірінде Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданында дүниеге келген.

«Халықтардың ішіндегі ең батыр халық – қазақ. Қазақтың батырлығына басқа ұлттардың батырлығы жете бермейді.  Мысалы, Талғат Бигелдинов. Ол өзінің батырлығын жерде емес, аспанда жүріп, 300 рет қайталаған адам».

Қасым Қайсенов көзі тірісінде замандастарының ерлігін әңгімелеуден жалықпайтын. Ал, өзіне келгенде: «Ерлік істерімді батырлық деп санамаймын», деуші еді.

Сұрапыл соғыста қан кешіп, қару мен қаламды қатар ұстаған қаһарман ұлдың ұрпағына да айтары көп еді. Ұлттық телеарна арқылы әрдайым сүбелі ойларымен, қызықты естеліктерімен бөлісіп отыратын.

Қаламгер Ахат Жақсыбаев: «Бұл кісінің өзіне ұнайтын, басқа ешбір атаққа, теңеуге теңгермейтін, өзіне ғана жарасатын аты-жөні бар. Ол атақ - «Партизан жазушы Қасым Қайсенов».

Қарапайымдылығымен, қайсарлығымен талайды тәнті еткен Қасым Қайсенов тұлғасы біз үшін өрлік пен ерліктің, азаматтық пен жоғары парасаттылықтың өлшемі.

Ұлттық арнаның қорында сақталған батырдың бейнесін «Таңшолпанның» сюжетінен көре аласыздар.

Хабарламаларға жазылу