Мақсат Есенбекұлы: Келешекте тоғызқұмалақ ойынымен әлемнің 50-ге жуық елі айналыса бастайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мақсат Есенбекұлы: Келешекте тоғызқұмалақ ойынымен әлемнің 50-ге жуық елі айналыса бастайды

17.04.2015
Мақсат Есенбекұлы: Келешекте тоғызқұмалақ ойынымен әлемнің 50-ге жуық елі айналыса бастайды

Дүниежүзілік Тоғызқұмалақ федерациясының бас хатшысы Мақсат Есенбекұлы және тоғызқұмалақтан Әлем чемпионы Серік Қуанышбекұлы бүгін таңғы бағдарламада қонақта болды.

Алматыда 13 сәуір күні тоғызқұмалақтан III Әлем чемпионаты басталды. Бұл турасында Мақсат Есенбекұлы: «Биылғы Әлем чемпионаты өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған.

Бұл чемпионаттың I, II чемпионаттардан ерекшелігі, спортшылар әлемнің түкпір-түкпірінен келіп отыр.  Жеті мемлекет осы шараға алғаш рет қатысуда. Олар: Колумбия, Үндістан, Гана, Ауғанстан, Тәжікстан, Англия және Молдова.

Басқа да Франция, Голландия, Португалия, Кот-д’Ивуар сынды елдердің спортшылар келуге ниет танытқан еді. Алайда, түрлі себептерге байланысты келе алмай қалды. Біздің жоспар бойынша, алдағы 3-4 жылда бұл ойынмен әлемнің 50-ге жуық елі айналысады»,-дейді.

Осы сайыста екінші рет Әлем чемпионы атанған Серік Қуанышбекұлы: «Әлем чемпионатына қатысу – үлкен жауапкершілік. Бұл сайыста мен блиц түріне қатыстым. Мұндағы маңызды  – жылдам шешім қабылдау.

Мысалы, классикалық ойында уақыттың жеткіліктілігіне байланысты, ойланып барып, дұрыс  шешім қабылдауға мүмкіндік бар. Бірақ, блиц кезінде тәжірибе мен интуицияға ғана сенім артамыз»,-дейді.

Хабарламаларға жазылу