Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметов республикалық ІІІ ұлттық театр фестивалінің құрметті қонақтарымен кездесті. Кездесу барысында облыста мәдениет саласында атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтылды.
Оңтүстікте соңғы бес жылда жаңа 46 мәдениет мекемесі ашылған. Сондай-ақ, 8 кәсіби театр тұрақты жұмыс істеуде.
Бұл тұрғыдан облыс өзге өңірлер арасында көш бастап тұр. Аталған театрларда 42 жаңа спектакль сахналау жоспарланып, 49 қойылымның премьерасы өткен.
Былтыр оңтүстікқазақстандық өнерпаздар екі жарым мыңға жуық спектакльді сахналап, оларды 315 мыңнан астам көрермен тамашалады.
2014 жылы облыстағы театрлар 101 гастрольдік сапармен Алматы, Ақтөбе, Қарағанды, Жамбыл, Қызылорда, Шығыс Қазақстан, Маңғыстау облыстары мен Астана, Байқоңыр қалаларында және Қытайдың Шуар өлкесінде болды. Сонымен қатар, театр өнеріне сусап отырған шалғайдағы аудандар мен қалаларға да осындай сапарлар ұйымдастырылған.
Мәдениет майталмандары өткен жылы Мемлекет басшысының қатысуымен Шымкентте облыстық драма театры мен Түркістан сарайы ашылғанын тілге тиек етіп, осы тектес өнер ордалары Шымкенттің өзіндік мәдени өмірін қалыптастырып отырғанын айтты.
Жүздесу кезінде КСРО және Қазақстанның Халық әртісі Асанәлі Әшімов оңтүстік өлке мәдениет саласындағы істерімен еліміздегі өзге өңірлерге үлгі болатынын айтып, атқарылған ауқымды жұмыстарды жоғары бағалады.
otyrar.kz