Жамбыл облысында «Сын сағаттарында дұрыс таңдау - тарихи шешім» атты республикалық конференция өтті (ФОТО) - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жамбыл облысында «Сын сағаттарында дұрыс таңдау - тарихи шешім» атты республикалық конференция өтті (ФОТО)

04.04.2015
Жамбыл облысында «Сын сағаттарында дұрыс таңдау -  тарихи шешім» атты   республикалық конференция өтті (ФОТО)

Тараз Мемлекеттік педагогикалық институтындағы жиынға тарихшылар, оқу орнының ұжымы мен студенттер қатысты.

«Егемендіктің елең-алаң шағында Елбасы  Нұрсұлтан Назарбаев: «Дүниеде тәуелсіз Қазақ елі бар. Әлемде егемен Қазақстан бар. Оның көпэтносты, тату, ынтымақшыл халқы бар. Қуатты экономикасы, сенімді саяси жүйесі бар. Ең бастысы - бүгіннен нұрлы, бүгіннен кемел болашағы бар. Сол күнге берік сенім бар» деп, мемлекетіміздің болашағы баянды, келешегі кемел болатынын бағдарлаған болатын. Біз әлемнің көз алдында бірліктің бесігіне, татулықтың тірегіне айналдық», - деді Тараз Мемлекеттік педагогикалық институтының тәрбие жұмысы және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры Орынқыз Жолдасова.

Жамбыл облыстық мемлекеттік мұрағатының бөлім басшысы Мақұлбек Рысдәулет өз баяндамасында Мәңгілік ел болуды көздеген мемлекет, алдымен өз тек-тамырының тереңнен тартатынын және ата-бабасының өте бай тарихы бар екенін есінен бір сәтке шығармауы тиіс. Ұлттық идеяның өзегі - ұлт тарихында. Мұны Елбасы ешқашан назардан тыс қалдырған еместігін тілге тиек етті.

Ал, Тараз Мемлекеттік педагогикалық институтының «Қазақстан тарихы» кафедрасының меңгерушісі Бақытжан Жүрсінбаев демократиялық басқаруды қалыптастырудағы сайлаудың рөлі мен орны туралы өз ойымен бөлісті.

Баяндамашы өз сөзінде: «Сайлау - жай ғана сайлау емес. Сайлауда келешегі кемел елдің тағдыры, ұлттың болашағы шешіледі. Бұл сайлау арқылы әлемдегі экономикалық және геосаяси ауыртпалықтарға қарсы ауқымды кең қорғаныс шарасы жасалынбақ. Бұл - уақыт талабы. Биылғы жыл - еліміздің өмірінде маңызды оқиғаларға толы жыл. Елбасының «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» атты Жолдауында атап көрсетілгендей, биыл Қазақ хандығының 550 жылдығы, Жеңістің 70 жылдығы және Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы мен ел Конституциясының 20 жылдығы кең көлемде атап өтілмек.  Сондай-ақ, келешегімізді айқындайтын экономикалық бағытта, білім беру саласында біршама жобаларды жүзеге асыру көзделген», - деді.

Жиын соңында конференцияға қатысушылар  өзара пікір алмасты.

Хабарламаларға жазылу