Ахметжан Есімов: Қазынаға түсетін мемлекеттік бюджет кірістерінің 30 пайызы Алматы қаласының үлесінде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ахметжан Есімов: Қазынаға түсетін мемлекеттік бюджет кірістерінің 30 пайызы Алматы қаласының үлесінде

03.04.2015
Ахметжан Есімов: Қазынаға түсетін мемлекеттік бюджет кірістерінің  30 пайызы Алматы қаласының үлесінде

Бүгін Алматыда мемлекеттік органдар мен даму институттарының, Ұлттық компаниялар мен екінші деңгейлі банктер басшыларының қатысуымын қала бизнес-қоғамдастығының кеңейтілген жиыны өтті.

Форум жұмысына қала әкімі Ахметжан Есімов пен ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басшысы Тимур Құлыбаев қатысты.  

Ахметжан Есімов алматылық кәсіпкерлердің мегаполис пен еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосып отырған үлестерінің маңыздылығын атап өтті.

Сондай-ақ, еліміздегі әрбір үшінші кәсіпорынның Алматыда тіркелгендігін, шағын және орта бизнестің қала қазынасына түсетін барлық салықтық түсімнің 65 пайызын беретінін жеткізді.

«Шағын және орта бизнесті дамыту - қала экономикасын өркендетудің негізгі бағыттарының бірі. Бүгінгі таңда Алматы қаласы еліміздің қазынасына мемлекеттік бюджеттің барлық кірісінің 30 пайызын береді. Егер осыдан 5 жыл бұрын мегаполис үлесі 23 пайыз болса, өткен жылы 28, ал, биылғы жылдың бірінші  тоқсанында 33,1 пайызды құрады», - деді Ахметжан Есімов.

ҰКП басшысы Тимур Құлыбаев өз кезегінде қаржы институттары саясатының кәсіпкерлердің бизнес-көзқарасына ықпал ететінін айтты.

Сондай-ақ, Алматы әкімдігінің бизнес ортаны жақсарту жөніндегі оң тәжірибесін атап өтті.

Шара аясында Ахметжан Есімов пен ҚР ҰКП төралқа басшысы Тимур Құлыбаев Алматыда Медеу ауданының аумағындағы алғашқы Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының ашылу рәсіміне қатысты.

Жыл соңына дейін мұндай орталықтар мегаполистің әр ауданында іске қосылады. 

Хабарламаларға жазылу