Алматыда «Таразым – алтын бесігім» атты концерт өтеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда «Таразым – алтын бесігім» атты концерт өтеді

31.03.2015
Алматыда «Таразым – алтын бесігім» атты концерт өтеді

Бүгін Алматыдағы Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында Жамбыл облыстық филармониясының «Таразым – алтын бесігім» атты концерті өтеді.

«Биыл еліміз үшін ерекше жыл. Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы Жамбыл жерінде өтпекші. Сол үлкен тойды бастап кеттік. Тарихымызды өнерден бөліп қарауға болмайды. Өнер айтылған жерде – халықтың тегі, тарихи жолы айтылады.  Сондықтан, өнер ордасы – Алматыға ат басын тіреп отырмыз»,-дейді «Таңшолпанда» қонақта болған әнші, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Сәуле Жанпейісова.

Филармонияның бүгінгі тынысына тоқталған әнші: «Бізде 210 адам қызмет етеді. Соның ішіндегі ең үлкен ұжым бұл – қазақ ұлт-аспаптар оркестрі. Құрылғанына 3-4 жыл ғана болса да, оркестр бүгінде республикаға танылып үлгерді. Сондай-ақ, «Алатау» атты фольклорлық ансамбліміз бар. Кезінде Таразда «Алатау» жастар ән-би ансамблі дүрілдеп тұрды. Кейін 2012 жылы сол ансамбльді облыстық филармонияға қосты. Сонымен қатар, «Ақ кербез», «Қазақ» би ансамбльдері, «Кәусар» вокалдық ансамблі, «Балауса» атты цирк тобы бар.  Ұжымымыз үлкен»,-дейді.

Әншінің  «Сәуле-сарын» атты әнін «Таңшолпаннан» тыңдай аласыздар.

Хабарламаларға жазылу