АҚШ-тың классикалық радиосының әуе толқынында қазақ музыкасы орындалатын болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

АҚШ-тың классикалық радиосының әуе толқынында қазақ музыкасы орындалатын болды

30.03.2015
АҚШ-тың классикалық радиосының әуе толқынында қазақ музыкасы орындалатын болды

Наурыздың 20-27 аралығында халықаралық ынтымақтастық және тәжірибе алмасу мақсатында «Classical KUSC» (Лос-Анджелес, АҚШ) радиостанциясының бас мамандары Бренда Барнерс (Оңтүстік Калифорния Университетінің радио  және «Classical KUSC» президенті) және Кристофер Мендез (заманауи технологиялар маманы) Алматыдағы «Classic» радиосында болып қайтты.

«Бұл радио мен көрген классикалық музыканың үздік радиоларының бірі. Танысып, әрі ұзақ мерзімді әріптестікке қол жеткізгенімізге қуаныштымыз. Қаланың әдемілігіне, қазақтардың қонақжайлығына және кәсібилігіне тәнті болдық, Қазақстан мемлекетінің тұтас табысына таң қалмасқа шара жоқ» - дейді «KUSC»  радиосының президенті Бренда Барнс.

Ал, «Classic» радиосының директоры Раушан Жұманиязова: «Лос-Анджелестік әріптестерімізбен кездесуіміз сәтті өтті. Ең бастысы, Лос-Анджелес, Сан-Франциско, Санта-Барбара, Санта-Кларита, Палм-Спрингста, Таузенд-Окустте қазақ музыкасы, біздің композиторлар мен орындаушылар жайында трансляцияланатын тұрақты бағдарлама туралы келісім жасадық. Біздің сазгерлеріміздің бүкіл әлемге паш етілуі өте маңызды»,  - дейді.

Кездесу классикалық музыка форматында хабар тарататын радионың ерекшелігі туралы мәселелерге,  мәдениет пен өнерді дамытуға, жаңа медиаға арналды. Талқылауға, сондай-ақ, «Қазақстан» РТРК» АҚ Интернет редакция бөлімінің қызметкерлері және Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының студенттері қатысты. 

Хабарламаларға жазылу