Бүгін республиканың басым бөлігінде атмосфералық фронтальды бөліктердің өтуіне байланысты ауа райы тұрақсыз болады. Кей жерде жауын-шашын түседі, бұрқасын, көктайғақ, тұман, желдің күшеюі күтіледі. Бұл туралы ҚР ІІМ ТЖК баспасөз қызметі хабарлайды.
Ақмола облысының кей жерінде бұрқасын желдің күші 15-20 м/с болса, Алматы облысының кей жерінде тұман, көктайғақ күтіледі, желдің күші 18-23 м/с, 28 м/с болады.
Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл облыстарының кей жерінде жауын-шашын, тұман, көктайғақ, желдің күші 18-23 м/с, тау асуларында 30 м/с-дан жоғары болуы мүмкін. Қызылорда облысының кей жерінде көктайғақ, желдің күші 15-20 м/с болады деп күтіледі.
Атырау, Маңғыстау облыстарында желдің екпіні 17-22 м/с болады, кей жерде жел шаңды дауылға ұласады. Батыс Қазақстан, Қостанай облысының кей жерінде тұман түсіп, желдің күші 15-20 м/с-ға жетеді.
Ақтөбе облысының кей жерінде тұман болады. Қарағанды, Павлодар облысының кей жерлерінде бұрқасын болып, жел 15-20 м/с-ға дейін күшейеді, Қарағанды облысының кей жерінде тұман түседі.
Шығыс Қазақстан облысының кей жерінде жел 15-20 м/с күшейіп, жолдарда көктайғақ болады.