Тұрсынбай Дәуітұлы: Ендігі мақсат – Таңжарық шығармаларын шет тілдерге аудару - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тұрсынбай Дәуітұлы: Ендігі мақсат – Таңжарық шығармаларын шет тілдерге аудару

19.03.2015
Тұрсынбай Дәуітұлы: Ендігі мақсат – Таңжарық шығармаларын шет тілдерге аудару

Бүгін «Халқым сен, шын тіленіп, табынарым» атты Таңжарық оқулары басталды. Осыған орай Қазақ Мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің ұстазы, халықаралық «Таңжарық зерттеу» қоғамдық қорының атқарушы директоры Тұрсынбай Дәуітұлы «Таңшолпанда» қонақта болды.

Биыл екінші мәрте ұйымдастырылып отырған шара туралы ойымен бөліскен Тұрсынбай Дәуітұлы: «Бұл шара былтырғыға қарағанда, өзгеше болды. Ерекшелігі сол, биыл Таңжарық өлеңдерін мәнерлеп оқу бойынша Алматыдағы жоғары оқу орындарының студенттерін шақырдық. Сегіз оқу орнынан 50-ге жуық талапкер қатысты. Соның ішінен 15 студент іріктеліп алынып, бағалы сыйлықтармен марапатталды»,-дейді.

«Таңжарық шығармалары біздің елімізде Тәуелсіздіктен кейін жақсы жолға қойылды. Оның есімі Қазақ еліне таныс емес деп айта алмаймыз. Себебі, 1923 жылы ол елге келіп, алашшылдардың шығармаларымен, идеяларымен танысып, сол идеяны Қытай жеріне таратушылардың бірі болған.

Кейін атақты Сәбит Мұқанов Қытайға барған сапарында Таңжарықтың шығармаларына мән беріп, 1959 жылы өзі шығарған «Алыптардың адымы» деген еңбегіне енгізген. Сондай-ақ, ҚР Халқы әртісі Дәнеш Рақышев «Елге амандасу», «Ақын сыры», деген әндерін тыңдармандарға жеткізген».

«Таяуда құрылған халықаралық «Таңжарық зерттеу» қоғамдық қорының ендігі мақсаты – Таңжарық шығармаларын шет тілдерге аудару».

Таңжарықтың «Қос жеңге» әнін таңғы бағдарламадан тыңдай аласыздар.

Хабарламаларға жазылу