«Күлшеқыз» ертегісі 65 жылдан кейін қазақ тіліне аударылды. Әлемнің анимациялық классикасы «Қазақстан» РТРК» АҚ-ның мультфильм дубляжі бойынша ең ірі жоба болып отыр.
Айтулы оқиғаға орай, Қалибек Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының актрисасы, әнші, Күлшеқызды сомдаған Айнұр Бермұхамбетова және Астана қаласы әкімдігі қуыршақ театрының актері, «Күлшеқыз» ертегісіндегі ханзаданы дыбыстаған Данияр Сванқұлов бүгін «Таңшолпанда» қонақта болды.
«Бұл жобаның ауқымдылығы сонша, көптеген актерлер атсалысты. Қазақстан үшін ең ірі мультипликациялық жоба болғандықтан, үлкен жұмыс атқарылды»,-дейді Данияр Сванқұлов.
«Дубляж соншалықты қиын деп айта алмаймын. Себебі, бұған дейін де талай дубляж жасау жұмыстарына қатысып жүрген актерлерміз. Бірақ, маған бұл мультфильмдегі жұмыс күрделілігімен қызықты болды. Өйткені, мұнда ән бар. Режиссерлер: «Әнді өздерің айтасыңдар, толығымен қазақ тіліне аударылады», дегенде шыны керек, қуанып кеттім»,-дейді Айнұр Бермұхамбетова.
Ханзаданы дыбыстаған актер Данияр: «Кез келген кейіпкердің ішкі жан-дүниесін зерттегеннен кейін ғана оны халыққа барынша шынайы жеткізу оңай болады. Сол кейіпкердің көңіл-күйін, мінезін тауып алса, оны дыбыстау сонша қиын болмайды»,-дейді.
Сұхбаттың толық нұсқасын «Таңшолпаннан» көре аласыздар.