Алматы қаласы әкімдігінің Тілдерді дамыту, мұрағаттар және құжаттама басқармасы «Мемлекеттік тіл және бұқаралық ақпарат құралдары» атты қалалық байқау жариялайды.
Байқаудың мақсаты – мемлекеттік тіл саясатының қазақ және орыстілді бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен насихатталуын қолдау.
Ондағы негізгі міндет – мемлекеттік тіл саясатын насихаттап жүрген жекелеген авторлардың жұмысына оң баға беру.
Шарт бойынша байқауға тіл саясаты, мемлекеттік тіл ахуалы туралы өткір де өзекті материалдар жариялаған жекелеген журналистер мынадай аталымдар бойынша қатыса алады: «Баспасөздегі үздік журналист» - баспасөз материалдары бойынша, «Интернет-сайттағы үздік журналист» - сайт материалдары бойынша, «Үздік тележурналист» - телебағдарламалары бойынша және «Үздік радиожурналист» - радиобағдарламалары бойынша.
Байқау 2014 жылдың 1 шілдесінен бері қазақ және орыс тілдерінде жарияланған газет-журнал және сайт материалдарын, эфирден берілген теле-радио хабарларды қамтиды.
Өтініштер 2015 жылдың 15 маусымына дейін қабылданады. Байқауға қатысатын материалдарын жарияланған түрінде (газет, журнал, сайт беттері, бейне және аудиожазбалар) өткізеді.