Мюррейдің Головкинге қарсы қояр амал-тәсілдері бар – Аян Төлеген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мюррейдің Головкинге қарсы қояр амал-тәсілдері бар – Аян Төлеген

18.02.2015
Мюррейдің Головкинге қарсы қояр амал-тәсілдері бар – Аян Төлеген

Промоутерлер Головкин-Мюррей жекпе-жегін «қанды шайқас» ретінде көрсетіп, аяусыз жұдырықтасу болады деп жарнамалауда. Алайда осы уақытқа дейін өткен баспасөз мәслихаттары да, салмақ өлшеу рәсімі де тыныш әрі сыпайы өтті.

«Қазақстандық боксшы барлық қарсыласын сұлатып құлатты. Менде орта салмақтағы кез-келгенін жеңуге күш бар. Егер мен жеңілетінімді білсем, бұл жекпе-жекке шығуға келісім бермес едім», деді Доменико Спаданы жеңгеннен кейін Мюррей.

Кезінде түрмеде отырып шыққан Мюррейдің жұмсақ сөйлеуінде күмән бар. Сондықтан жекпе-жек те өте тартысты әрі қызықты өтуі тиіс.  

Головкин-Мюррей жекпе-жегінің комментаторы Аян Төлеген Мюррейдің де қазақстандық боксшыға қарсы қояр қаруы бар екенін айтады.

«Мюррей өзінің биік бойына қарамастан, Головкинді техникамен, күшпен немесе шапшаңдылықпен ұта алмайтынын сезеді. Сондықтан ол еуропалық, нақтырақ германиялық боксшылар көп қолданатын тактамен жұдырықтасуы мүмкін. Яғни ол қолды байлап, баспен ұрып және т.б істеуге тырысады. Ол жекпе-жекті көп раундқа созуға тырысады», дейді Аян Төлеген.

Жуырда Мартин Мюррей Головкинмен жекпе-жек кезінде шаршы алаңда нағыз «соғыс» болатынын айтқан. Сондықтан әлемдегі миллиондаған фанаттар бұл жекпе-жекті асыға күтуде.

Ал, Геннадий Головкиннің жекпе-жекке өзіндік көзқарасы бар. «Көрермендерге нокауттар ұнайды. Бұл – бокс. Мен жекпе-жектерді нокаутпен аяқтағым келеді. Бұл мен үшін маңызды. Мен үлкен драмалық шоу сияқтымын», дейді Головкин.    

Айта кетейік, Головкин мен Мюррейдің жекпе-жегі болатын бокс кеші 21 ақпанда (21-ші ақпаннан 22-ші ақпанға қараған түні) Астана уақыты бойынша сағат 01:25-те басталады.

Бокс кешін «Қазақстан» Ұлттық телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді. Ойын барысын ел аумағында онлайн трансляциялау құқығы kaztrk.kz порталына берілген. Ал, жекпе-жектің қайталауын 22 ақпанда «KAZsport» телеарнасынан тамашалай аласыздар.

Хабарламаларға жазылу