Жақсылық Үшкемпіров туралы деректі фильмнің тұсауы кесілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жақсылық Үшкемпіров туралы деректі фильмнің тұсауы кесілді

18.02.2015
Жақсылық Үшкемпіров туралы деректі фильмнің тұсауы кесілді

Талдықорған қаласында танымал қазақстандық режиссер Тоқтар Қарсақбаевтың «Воля к победе» атты деректі фильмінің тұсауы кесілді. Бұл фильм қазақтан шыққан тұңғыш олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіровтің өмірінен сыр шертеді, деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Режиссер Тоқтар Қарсақбаев осы бағытта фильм түсіру мәселесі атақты спортшымен кездескенде пайда болғанын айтады. Аталмыш фильм өскелең жас ұрпаққа өмірдегі барлық кедергілерді жеңе білуге, белгілі бір жетістікке жету үшін аянбай еңбек ету қажеттігін түсіндіреді. Бұл жерде атақты спортшының күреске 20 жасында келіп, 29 жасында Олимпиада чемпионы болғанын айта кеткен жөн.

Фильм палуанның жеке мұрағатынан жинақталып алынған деректі құжаттардың негізінде әзірленген. Фильмде ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Халық әртісі Асанәлі Әшімов пен Роза Рымбаева және Қазақстан Күрес федерациясының президенті Сауат Мыңбаев өз пікірлерін білдірген.

Естеріңізге сала кетейік, Жақсылық Үшкемпіров - Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері, қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы (Мәскеу қаласы, 1980 жыл.)

Хабарламаларға жазылу