Ұлттық банк валюта бағамының күрт өзгеруіне жол бермейді

18.11.2015
Ұлттық банк   валюта бағамының күрт өзгеруіне жол бермейді
Ұлттық банк   валюта бағамының күрт өзгеруіне жол бермейді


Ақордада Президенттің қатысуымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев валюта бағамының күрт өзгерістеріне Ұлттық банктің жол бермейтіндігін атап өтті. Оның айтуынша, Ұлттық банк ұлттық валютаның күшеюіне де, әлсіреуіне де бей-жай қарамайды.

Ұлттық банк төрағасы қазіргі кезде теңге мен Ресей рублінің ара қатынасында паритет қалыптасқанын атап өтті. «Жақын уақытта валюта бағамында көп өзгерістер болмайды. Ұлттық валютаның айырбас бағамына әсер ететін ең қорқынышты сценарийлер де артта қалды. Біз сыртқы коньюнктураның нашарлау мүмкіндігі төмен деп есептейміз»,-деді Данияр Ақышев.

Оның айтуынша, Ұлттық банк қазіргі кезде валюталардың айырбас бағамына тікелей араласуды мейілінше төмендеткен.

Сонымен қатар, Ұлттық банк қаржы нарығындағы жағдайды бұқараға түсіндіру жұмыстарын жалғастыра бермек. Әсіресе, валюта бағамының құбылуына байланысты алыпсатарлықпен айналысу арқылы пайда табудың күмәнді екендігін түсіндіреді. Мұндай жағдайда теңге мен шетел валюталарының айырбас бағамына қатысты алыпсатарлықпен айналысып жүргендер ұтылып қалуы да мүмкін. Керісінше, азаматтардың қолда бар қаржыларын шетелдік валютада емес, теңгеде ұстаудың тиімді екендігін атап өтті, Ұлттық банк төрағасы.

Kaznews.kaztrk.kz

Хабарламаларға жазылу