Қазақ радиосында тыңдаушының құлақ құрышын қандырған радиода қаншама жақсы, жайсаңдар еңбек етті. Олардың әрқайсысының ақыл-ойы, қолтаңбасы, үні мен қалдырған ізі, шығармашылығы радионың «Алтын қорында» сақталған. Солардың бірі – Сауық Жақанова.
«Қазақтың Левитаны» атанған Қазақстанның Халық әртісі Әнуарбек Байжанбаевтың мектебінен өтіп, шәкірті атанған Қазақ радиосының сандуғашы Сауық Жақанова еңбекке он жеті жасынан араласқан.
Оның Қазақ радиосының «Алтын қорында» сақталған ерекше үні келер ғасырға жетер құндылығымен ерекше.
Жарты ғасыр диктор болып қызмет атқарған Сауық Жақанова осы уақыт аралығында ойға түйгенін, бұл мамандықтың қадір-қасиетін былайша бағалайды: «Радио тыңдаушыға дыбыстап оқу, сөйлеу арқылы жететін ақпарат құралы болғандықтан, бірінші диктордың даусына мән беріледі.
Бұрын дикциясына, таным-түсінігіне, ырғақ екпініне, таза анық сөйлеуіне, тіл ерекшелігіне қарап дикторды таңдап алатын. Халықтың түсінігінде диктордың радиодағы алатын орны өте жоғары болды.
Әнуарбек Байжанбаев айтқандай, «енді дикторға сенбей көр» деген пікір қазақ даласын шарлап кеткен. Ол Байжанбаевтың феномендігі, һас дарындылығы. Әнағаң ешқандай декорациясыз, қимыл-әрекетсіз, ауыздан шыққан сөз арқылы тыңдаушы қиялын асқақтатып жіберетін. Бейне ретінде оқиғаны көз алдыңа алып келетін».
Біздің анықтама:
Сауық Мәсіғұтқызы Жақанова - 1945 жылы 11 ақпанда Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданының Еркіндік ауылында туған. 1966 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін тәмамдаған.
«Сөйлеу техникасы» (2002), «Жүргізушінің сөйлеу мәдениеті» (2004) кітаптарының авторы. 1966-2002 жылдары - Қазақ радиосының дикторы. 1998 жылдан бері - Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының сахналық сөйлеу пәнінің дәріскері.
2000 жылдан бері - әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетінде дәріскер, доцент. «Құрмет белгісі» орденімен марапатталған (1985). Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген әртісі (1995).