Қазақтың тұңғыш мультипликаторы «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» мультфильмінің авторы, көрнекті режиссер Әмен Қайдаров тоқсан екі жасқа қараған шағында қайтыс болды. Бұл ақпаратты «Қазақфильм» АҚ баспасөз қызметі растады.
Кинорежиссер, суретші, ҚазКСР-нің Еңбек сіңірген өнер қайраткері Әмен Қайдаров 1923 жылы Қарағанды өңірінде дүниеге келген. 1951 жылы Алматы суретшілер училищесін бітірген соң «Қазақстан әйелдері», «Ара» журналдарының редакцияларында жұмыс істеген.
1958-1965 жылдары Мәскеудегі мемлекеттік кинематография институтының көркемсурет факультетінде оқыды. 1965 жылдан «Қазақфильм» киностудиясында қызмет атқарған.
Ол - Қазақстандағы мультипликациялық жанрдың іргесін қалаушылардың бірі. 1967 жылы Қайдаровтың салған суреті бойынша халық ертегісі негізінде тұңғыш түрлі-түсті «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» атты мультипликациялық фильм жасалды.
Бұл туынды Ленинград (қазіргі Санкт-Петербург) қаласында өткен Бүкілодақтық кинофестивальда (1968), Нью-Йорк қаласында өткен Халықаралық мультипликациялық фильмдер фестивалында жүлде алды.
Сондай-ақ, Қайдаров «Құйыршық», «Жанар», «Күн сәулесінен пайда болған көжек» атты мультипликациялық фильмдерді жасаған. 1980 жылы Әмен Қайдаровқа «Ақсақ құлан», «Қожанасыр – құрылысшы», «Қырық өтірік» сияқты мультипликациялық фильмдер топтамасы үшін ҚазКСР Мемлекеттік сыйлық берілді. «Құрмет белгісі», «Парасат» ордендерімен және медальдармен марапатталған.