Бүгін – Дидар Амантайдың туған күні - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгін – Дидар Амантайдың туған күні

05.02.2015
Бүгін – Дидар Амантайдың туған күні

Дидар Амантай – туындылары шұрайлы тілімен, бояуы қанық сюжетімен ерекшеленетін жазушы. ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, сыншы Зейнолла Серікқалиұлы: «Дидар Амантайдай парасатты қаламгері бар әдебиет, бәрібір, мықты әдебиет болады», деп баға берген.

Жазушының туындылары қазақ әдебиетіне енген соны леп, жаңа машық. Ол туралы Мұрат Әуезов: «Дидар тарихпен, өткен заманмен және үлкен кеңістікпен тіл табыса алатын жазушылық қасиетін көрсетіп отыр. Өйткені, ол – мәңгілік құндылықтарды тудырушы. Жалпы, біреудің шығармаларын басқа тілдерге аудару шығармашылық жағынан өте қиын нәрсе. Оның нәтижесі әрдайым сәтті бола бермейді»,-дейді.

Дидар Амантай – 1969 жылы 5 ақпанда Қарағанды облысының Қарқаралы ауданында дүниеге келген. Орта мектепті бітірген соң, 1986 жылы Қазақ политехникалық институтына түседі.

1989-1994 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің «Философия және политология» факультетін үздік бітірген. 1994-1997 жылдары Театр және кино институтын кинодраматург мамандығы бойынша тәмамдайды.

1987-1989 жылдары «Жас алаш», «Заман Қазақстан» газеттерінде тілші, бөлім меңгерушісі, 1997-2002 жылдары «Хабар» агенттігінде бағдарлама редакторы, «Майдан» ток-шоуында редакторлар бөлімінің жетекшісі, «Бетпебет» бағдарламасының жүргізушісі, 2002-2004 жылдары «Зерде» жобалау тобының жетекшісі болып қызмет етті.

2004 жылы Ш.Айманов атындағы «Қазахфильм» ұлттық кинокомпаниясының бас редакторы, 2005-2006 жылдары «Ел мен жер» және «Азамат.кz» газетінің директоры, 2004-2008 жылдары «Начнем с понедельника» газетінің  бас директоры және бас редакторы, 2008 жылы іскерлік «Азамат» газетінің директоры, 2006-2008 жылдары «31 арнаның» «Абайтану» және «Замандастар» телевизиялық бағдарламаларының авторы және жүргізушісі болды.

Ал, 2009 жылдан Ш.Айманов атындағы «Қазахфильм» Ұлттық кинокомпаниясының бас редакторы. Сонымен қатар, Дидар Амантай «Қазақстан» Ұлттық телеарнасындағы «Сіз не дейсіз?» хабарының жүргізушісі қызметін атқарған.

Алғашқы кітабы 1996 жылы «Постскриптум» деген атпен жарық көрген. Кейіннен «Қастерле мені» (2000), «Гүл мен кітап» (2003), «Күзгі рандеву» (2005) кітаптарымен қатар, «Нұрғиса Тілендиев», «Әлжаппар Әбішев» деректі фильмдердің, «ФЭФ» көркем фильмдерінің сценариін жазған.

«Дарын» мемлекеттік Жастар сыйлығының (1999), Тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының лауреаты (2007).

Хабарламаларға жазылу