«Аналар үйінде» түрлі тағдыр бар... - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Аналар үйінде» түрлі тағдыр бар...

04.02.2015
«Аналар үйінде» түрлі тағдыр бар...

Елімізде тағдыр сынына ұшырап, қорғансыз қалған аналарға қамқорлық көрсететін ұйым ашылғанына көп уақыт болған жоқ. Қарапайым көпбалалы отбасынан шыққан Айгүл бүгінде осы мекеменің тұрғыны. 

Ал, Асылзат тұрмысқа шығып, аз уақыттан соң, ата-анасының үйіне қайтып келген. Ол да «Аналар үйінде» тұрады.

Севара – балалар үйінде тәрбиеленген. Көңіл қосқан азаматы Севараның аяғы ауыр екенін естігенде, баласын мойындамай, тастап кеткен. Ағайын-туысы жоқ бойжеткен шарасыз күйде емханаға барып, дәрігерден ақыл-кеңес сұрайды. Ондағылардан «Аналар үйі» бар екенін естиді...

Мұндай орталықтарда түрлі тағдыр бар.  Жалпы, «Аналар үйіне» оң жақта отырып, жүкті болып қалған немесе күн көрісі төмен, қосағымен дәм-тұзы жараспай ажырасқан қыз-келіншектер қабылданады.

«Айтуға оңай...» ток-шоуында талқыланған өзекті тақырыпқа үн қосқан, студия қонағы, әнші Жанар Айжанова: «Мен мұндай үй барын бұрын-соңды естіген емеспін. Бірақ, ойлап жүргенмін. Сүрінген қыздарымызды қашанғы «сен – қарабетсің», деп түртпектей береміз? Еркектерге еркек болу оп-оңай, ер-азамат болу қолынан келмейді. Сондықтан, мейлі әкесі болмаса да, баланы анасынан айырмасақ екен деп жүретінмін»,-дейді.

Қазіргі кезде еліміздің 14 қаласында осындай 20 орталық ашылған.  Орталық ана мен баланың бір жылдық шығынын өзі төлейді. Емі, тамағы, тіпті баланың киімі де тегін.  Тек аналар баласынан бас тартпаса болғаны.

 Ақтөбе қалалық «Аналар үйінің» директоры Таңсұлу Лакова бұл әлеуметтік жобаның  демеушілері – Қазақстанның кәсіпкерлері екенін айтады.

«Осы жоба ашылғалы бері  еліміздегі «Аналар үйінде» 500-ге тарта жас ана тәрбиеленді.  Олардың 50 пайыздайы отбасыларына оралды. Біз сондай-ақ, аналардың оқуына жағдай жасап, жұмысқа орналастырамыз.  Басты мақсатымыз – қиын кезеңде көмек көрсету. Кейін отбасыларымен табыстыру»,-дейді ол.

«Қазақстан» Ұлттық телеарнасы қамқорсыз қалған немесе жетім балалар, жағдайы төмен отбасылардың  тағдырына қашанда бей-жай қараған емес. Бұған дәлел ретінде Ұлттық арна эфирінен көрсетілген «Шетелдегі қазақ балалары», «Жан жылуы», «Жаныңда жүр жақсы адам» бағдарламаларын айтуға болады.

Хабарламаларға жазылу