Дәстүрлі қолөнермен айналысқан Қазипа әже - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Дәстүрлі қолөнермен айналысқан Қазипа әже

29.01.2015
Дәстүрлі қолөнермен айналысқан Қазипа әже

Жасы 70-тен асса да, Қазипа Жекейқызы әлі күнге бос отырмайды. Ою ойып, кесте тігіп, дәстүрлі қолөнермен айналысады. Қарияның қолынан шыққан дүниелер қыз-келіншектерге арналған аспалы және қол сөмкелер, үлкенді-кішілі әмияндар, ыдыс-аяқтың астына қоятын төсеніштер көздің жауын алады.

«Менің негізгі мамандығым – тігінші. Жас кезімде үлкен фабрикада қызмет еттім. Үйреніп қалған қол ғой, оның үстіне ою-өрнек өнері қазақтың қанында бар. Алғашқыда, балаларыма естелік болсын деп, әр отауға бірден-екіден дүние жасап беретінмін. Немере-шөберелерім «әжем жасаған», деп жүрсін деген ниетпен басталған еді»,-дейді Қазипа әже.

Қарияның үйі кішігірім мұражай іспетті. Тұрмыстық жабдықтар, қызылды-жасылды көрпе-жастықтар көзге жылы көрінеді. Қошқар мүйір, шаршы ою, сыңар құлақ, бесбас ою секілді өрнектер әр бұйымның әрін кіргізеді.

«Бұл өнерге асқан күштің қажеті шамалы, тек ептілік керек. Жетпістегі мен жасап отырмын ғой. Ұмтылса, жастардың қолынан бәрі келеді»,-дейді әже.

Қазипа әженің қолынан шыққан қолөнер бұйымдарын «Таңшолпаннан» көріңіз.

Хабарламаларға жазылу