Вице-премьер Бердібек Сапарбаев жоғары оқу орындарын жаңғырту мәселелері бойынша бірқатар тапсырма берді

30.12.2014
Вице-премьер Бердібек Сапарбаев жоғары оқу орындарын жаңғырту мәселелері бойынша бірқатар тапсырма берді

Кеңесте Білім және ғылым министрлігінің, Бас прокуратураның, жоғары оқу орындарының, Қазақстанның Азаматтық Альянсы және Үкіметтік емес ұйымдардың басшылары қатысты, деп хабарлайды primeminister.kz.

Жиында Комиссия қызметінің қорытындылары және жоғары оқу орындарын тексеру нәтижелері туралы есептер тыңдалды.

Комиссия мүшелері еліміздің жоғары оқу орындарының қызметі мен оларды жаңғырту туралы халықты ақпараттандыру тұрғысынан ҚР БҒМ-нің ақпараттық-насихаттау жұмысын күшейту қажеттігін атап өтті.

Комиссия сот тәртібінде материалдарды одан әрі сәйкес органдарға бағыттай отырып, екі ЖОО-н білім беру лицензияларынан айыру туралы шешім қабылдады.

Сондай-ақ, білім беру стандарттарына сәйкестігі, білікті кадрларды тарту және материалдық-техникалық базаның болуы тұрғысынан бірқатар ЖОО-дарының қызметі туралы мәлімет ұсынылды.

Отырыс қорытындысы бойынша Б.Сапарбаев жоғары оқу орындарын жаңғырту тетіктерін жетілдіруге, оларды оңтайландыруға, сондай-ақ түлектерді еңбекпен қамту мониторингісінің тетіктерін жасауға және білім, ғылым және инновацияларды ықпалдастыру деңгейін арттыруға қатысты бірқатар тапсырма берді.

Хабарламаларға жазылу