Елбасы балаларды Жаңа жыл мерекесімен құттықтады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елбасы балаларды Жаңа жыл мерекесімен құттықтады

24.12.2014
Елбасы балаларды Жаңа жыл мерекесімен құттықтады

Салтанатты шараға балалар үйлерінің тәрбиеленушілері, тұрмысы төмен және көпбалалы отбасылардан шыққан балалар мен мүмкіндігі шектеулі балғындар қатысты.

Жаңажылдық бағдарлама барысында ертегі кейіпкерлерімен театрландырылған қойылым көрсетіліп, байқаулар мен викториналар өткізілді, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.

Шарада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев балаларды  бейнеүндеу арқылы құттықтады.

«Қымбатты балалар! Жаңажылдық салтанат қазақстандықтардың шаңырағына қуаныш, жылу мен мерекелік көңіл күй әкеледі. Осы күндері ескі жылды шығарып саламыз. Бәріміз үшін ол ерекше болды. Бұл мерекені жаңа жетістіктермен және үлкен табыстармен қарсы аламыз.

Биыл сендердің жақсы еңбек еткендеріңді білемін. Өйткені, бұл шыршаға үздік, ең белсенді және дарынды оқушылар ғана шақырылады. Бәрің де жыл бойы жақсы баға алып, сайыстар мен жарыстарда жеңімпаз атандыңдар. Мен бұған қуаныштымын. Барлық қазақстандық балалардың дені сау, мықты, ақылды және білімқұмар болғанын қалаймын.

Осы шырша мен сыйлықтар сендер үшін өмірдегі ең жарқын, ұмытылмас оқиға болады деп үміттенемін. Жаңа жылда сендерге денсаулық пен бақыт тілеймін! Жақсы оқып, спортпен шұғылданыңдар, үйірмелер мен секцияларға қатысыңдар, кейіннен ересек өмірде пайдасы тиетін қызықты және пайдалы істермен айналысыңдар. Аңсаған армандарың орындалсын!»,- деді Қазақстан Президенті.

Хабарламаларға жазылу