Бүгін – Бауыржан Момышұлының туған күні - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгін – Бауыржан Момышұлының туған күні

24.12.2014
Бүгін – Бауыржан Момышұлының туған күні

Бауыржан Момышұлы – II Дүниежүзілік соғыстың даңқты жауынгері, Халық қаһарманы, қазақтың көрнекті жазушысы.

Бауыржан Момышұлының шоқтығы әрдайым оқшау­ланып тұрады. Баукең – аңызға айналған тұлға. Ол – ел жүрегінен мәңгілік қоныс тапқан батыр.

Бауыржан Момышұлы 200-ден астам ұрысқа әскерді өзі бастап кірген. Бес рет қоршауда қалып, бұзып-жарып шыққан. Жеті рет жарақаттанған, үш рет контузия алған. Сұрапыл соғыс төрт жылға созылды. Бірақ, Баукең жеті жылдай ажалдың өтінде жүреді.

«Бетің бар, жүзің бар» демей, бетке айтатын бірбеткей батыр мінезі турасында М.Әуезов: «Бауыржан Момышұлын тікесінен тік қойып, қылышпен шапсаң, екі жарылып түседі, бірақ сіз бен бізге ұқсап, келісімпаздыққа бармайды», деген екен.

Батыр Баукең ғұмыр бойы қазақ халқының салт-дәстүрін барынша қадірлеп, ана тілін аялап, әспеттеп өткен. Кезінде жазушы Д.Снегин былай деген екен: «Бауыржан жүз жылда бір туады. Ол мен үшін мәңгі үлгі. Ол қазақ болудан қалған қазақтарды, яки, тілін, дінін, ата салтын білмейтін қазақтарды жек көретін».

Біздің анықтама:

Бауыржан Момышұлы – 1910  жылы 24-ші желтоқсанда Жамбыл облысының Жуалы ауданындағы Көлбастау мекенінде дүниеге келді. Ол 7 жылдық мектепті бітіргеннен кейін біраз уақыт мұғалім болған. Сонда жүргенде кезекті әскери міндетін өтеуге шақырылып, онда бір жарым жыл жүріп, запастағы командир атағын алады.

Туған ауылына оралған соң, ол біраз жыл қаржы мекемесінде қызмет істейді. Содан қайтадан Қызыл Армия қатарына шақырылып, түрлі әскери бөлімдерде взвод, рота командирі болады.

1941 жылы ІІ Дүниежүзілік соғыс басталысымен Бауыржан даңқты генерал-майор И.В. Панфиловтың басшылығымен Алматы маңында жаңадан жасақталған 316 атқыштар дивизиясының құрамында майданға аттанды, батальон, полк командирі қызметтерін атқарды.

Соғыстың соңғы жылдарында гвардиялық дивизияны басқарады. Соғыс кезіндегі жеке басының қаһармандық ерлігімен ерекше көзге түседі. Бауыржанның осындай ерлігі жөнінде белгілі орыс жазушысы А. Бек  «Волокаламское шоссе» повесін жазды.

Соғыстан кейін батыр  Кеңес армиясы Бас штабының Жоғары әскери академиясында сабақ береді. 1956 жылы полковник атағымен отставкаға шыққан Бауыржан Момышұлы  біржола шығармашылық жұмысымен айналысады.

Ол қазақ және орыс тілдерінде бірдей жазып, өмірінде көрген-білгендерін арқау етеді. Батыр  бірнеше орден, медальдармен марапатталады. Кеңес одағының батыры атағын алады.

Алайда, бұл атақ соғыс біткеннен кейін жарты ғасырдай уақыт өткенде барып берілген еді. Ел Тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н. Назарбаевтың Жарлығымен батырға «Халық қаһарманы» атағы берілді.

Бауыржан Момышұлы – көрнекті жазушы, шығармаларын қазақ және орыс тілінде жазған. Алғашқы кітабы «Офицер күнделігі» деген атпен жарық көрді. Одан кейін «Бір түннің тарихы», «Біздің семья», «Москва түбіндегі шайқас», «Майдан», «Генерал Панфилов», «Куба әсерлері», «Адам қайраты» тағы басқа да әңгімелері мен повестер жинағы шықты.

Ол  әңгіме, повестермен қатар, өлең-толғаулар да жазған. Бойындағы ақындық қуаттың бүршігі ерте белгі бергендігін мектептегі ұстазы Тәңірберген Отарбаев байқаған. Шәкірттеріне шығарма жаздырып, қабілеттерін байқау үстінде бала Бауыржанға «сенен ақындықтың иісі шығады», деген екен аяулы ұстазы.

Хабарламаларға жазылу