Ғалымжан Әбдірахманов Қазақ күресінен Әлем чемпионы атанды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ғалымжан Әбдірахманов Қазақ күресінен Әлем чемпионы атанды

08.12.2014
Ғалымжан Әбдірахманов Қазақ күресінен Әлем  чемпионы атанды

Орынборда Қазақ күресінен ересектер арасында өткен бесінші Әлем чемпионатында Қызылорда облысы, Қармақшы ауданының тумасы Ғалымжан Әбдірахманов жеңіс тұғырына көтерілді. 70 келі салмақта өнер көрсеткен Ғалымжан 5 кездесуде қарсыластарын айқын басымдықпен жеңіп, Әлем чемпионы атанды.

Финалда қырғыз палуаны Мейірлан Ералиевпен белдесіп, екеуара бәсеке негізгі уақытта тең аяқталып, қосымша уақытта Ғалымжан таза жеңіске жетті. Жас та болса өзінің еңбекқорлығының арқасында осы жеңісіне қол жеткізген Ғ.Әбдірахмановты  білікті мамандар Әділбек Серікбаев пен Болат Кенеев жаттықтырады. Ол осы жарыста ҚР халықаралық дәрежедегі спорт шебері нормативін орындады. Дүбірлі додаға 25 мемлекеттің спортшылары қатысты.

Келесі жылы ақпан айында Қытайдың Шанхай қаласында қазақ күресінен 23 жасқа дейінгі жастар арасында болатын Әлем чемпионатына  Қызылорда облысынан Ғалымжан Әбдірахманов, Айбек Серікбаев және Мақсат Исақабыловтар қатысады. Қармақшы спорт клубының түлектері Ғалымжан, Айбек және Мақсат қазіргі таңда облыстық жоғары спорт шеберлігі мектебінде жаттығады.

Хабарламаларға жазылу