Алматыда Арменияда болған Спитак жер сілкінісіне арналған естелік кеші өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда Арменияда болған Спитак жер сілкінісіне арналған естелік кеші өтті

08.12.2014
Алматыда Арменияда болған Спитак жер сілкінісіне арналған естелік кеші  өтті

7 желтоқсан күні Алматыда Арменияда 1988 жылдың 7 желтоқсанында болған Спитак жер сілкінісіне және жер сілкінісінің апатты салдарын жоюдағы Қазақстанның ағайындық көмегіне арналған естелік кеші  өтті.

Кешті «Қазақстан армяндарының ассоциясы Республикалық қоғамдық  бірлестігі қазақстандық армян қоғамы «Масис» ынтасымен Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі және Алматы қаласы Медеу ауданы Қоғам денсаулығы комитеті ұйымдастырды.  

Шараға Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары,  Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің, Армения Диаспоралар ісі бойынша министрлігінің басшылары, Қазақстандағы армян диаспорасының өкілдері, сондай-ақ, дәрігерлер, медицина және фармацевтика  жұмысшылары, «Қазақстан» медициналық-санитарлық пойызының техникалық қызметкерлері қатысты.

Айта кету керек, рихтер бағаны бойынша  6,8 балдық жерасты дүмпулері жарты минуттың ішінде Армения Республикасының солтүстік бөлігінің түгелге жуығын қиратты.  

Жер сілкінісі елдің шамамен 40  пайыз өнеркәсіптік әлеуетін жарамсыз қылды, қалалар мен үш жүзден астам елді мекен қирады.

Арменияға бүкіл ел көмек көрсетті, қиратылған аудандарды қалпына келтіруге бірқатар шетел мемлекеті қатысты. Армениядағы апаттың салдарын жоюға елден құрылысшылар, әскери қызметшілер және дәрігерлер жіберілді.

10 күннің ішінде барлық қажетті медициналық жабдықпен, дәрі-дәрімекпен, дезинфекциялаушы құралдармен жабдықталған «Қазақстан» медициналық-санитарлық пойызы жасақталып, Арменияда бір жыл бойы вахталық әдіспен еңбек еткен білікті медицина және фармацевтика қызметкерлері жинастырылды.

Осы жолда қазақстандық дәрігерлер отбасыларын өте қиын жағдайда қалдырып, кәсіби міндеттерін абыроймен атқарды. «Қазақстан армяндарының ассоциациясы Республикалық қоғамдық  бірлестігі қазақстандық армян қоғамы «Масис»  естелік кешін өткізе отырып, «Қазақстан» медициналық-санитарлық пойызына және қиын жағдайда ағайын армян халқына баға жетпес көмек көрсеткен Қазақстан халқына  алғыс білдірді.

Хабарламаларға жазылу