Маржани мешіті – Қазандағы ең алғашқы тастан салынған мешіт - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Маржани мешіті – Қазандағы ең алғашқы тастан салынған мешіт

26.11.2014
Маржани мешіті – Қазандағы ең алғашқы тастан салынған мешіт

Қазан қаласындағы Маржани мешіті екі ғасырға жуық осы қаладағы ең ірі діни орталық саналып келеді. Құрылысы 1766 жылы басталып, Екатерина II қаржы бөлдіртіп, құрылыс 1770 жылы аяқталады. Мешітті тұрғызуға 62 адам ақшалай көмектесіп, 5 мың рубль жиналған. Бұл Қазандағы ең алғашқы тастан салынған мешіт.

Қабан көлінің жағасында орналасқан мешіттің дәл іргесінде медресесі бар. Шигабутдин Маржанидің есімімен аталатын медресеге Қазақстаннан да білімін жетілдіруге баратындар аз емес.

Атақты ғұлама 1850-1889 жылдары осы мешітте қызмет атқарған. Көп жылдар бойы медресе мен мешіт Жүнісовтер атымен аталып келген. 1766 жылы ашылған мешіт әлі күнге дейін жұмыс істеп келеді. Алайда, медресесі бірнеше рет жабылғанымен, 2003 жылдан бері тұрақты жұмыс істеуде.

«Медреседе 9-11 сыныпты бітірген балалар діни білім алуда. Биыл қыз балаларға арналған медресе аштық. Әлбетте, ер балалар мен қыз балалар бөлек оқиды»,-дейді Ислам колледжінің проректоры Аңсар Мифтияқов.

Айта кету керек, кеңестік кезеңде жамағатты ұйытқан Қазандағы жалғыз имандылық ордасы осы Маржани мешіті еді. Кезінде қазақтың оқығандары да осы мешіттен шыққан молдадардан дәріс алған.

Мешіт ішіндегі ою-өрнек, едені бәрі алғашқы қалпын сақтап келеді. Бүгінде Қазандағы тарихи орындардың бірі де бірегейі атанған Маржани мешіті туралы толығырақ «Таңшолпаннан» көріңіз.

Хабарламаларға жазылу