Мәскеуде Ержан Нұрғалиевтің жеке концерті өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мәскеуде Ержан Нұрғалиевтің жеке концерті өтті

24.11.2014
Мәскеуде Ержан Нұрғалиевтің жеке концерті өтті

23 қараша күні Ресей астанасы Мәскеу қаласындағы «Театральная хоромина» концерт залында  қазақстандық әнші, бірнеше халықаралық  конкурстардың жеңімпазы Ержан Нұрғалиевтің  «Тағдырыма ризамын» атты жеке концерті өтті. Әнші бұл кешті өнердегі ұстаздары Ермек Серкебаев пен  Нәдия Шәріповаға арнады.

Кеш бағдарламасы бойынша  Ержан Нұрғалиев фортепианоның сүйемелдеуімен қазақтың халық әндері «Ақбақай», «Бір бала», «Гүлдерайымды», сондай-ақ, қазіргі композиторлардың шығармаларын  нақышына келтіріп орындады. Сонымен қатар, классикалық музыка туындылары да көрермендерге ұсынылды.

Концертке  Мәскеудің зиялы қауым өкілдері, қазақстандық студенттер, Мәскеу қазақтарының «Қазақ тілі», «Мұрагер» атты қоғамдық ұйымдарының мүшелері қатысып, өнер иесіне  ыстық ықыластарын білдірді.

Қазақ ғарышкері Талғат Мұсабаевтың жары Виктория Мұсабаева: «Қасиетті қазақ даласы таланттарға бай. Қайда жүрсем де, осы пікірімді мақтанышпен айтамын. Ержанымыз сол таланттар шоғырының жарқын жұлдызы. Шығармашылығың шарықтай берсін!», деп ізгі тілегін жеткізді. 

Осынау кешті ұйымдастырған танымал пианист, халықаралық конкурстардың лауреаты Вера Чистякова.

Фото: Ержан Нұрғалиевтің  Фейсбуктегі жеке парақшасынан

Хабарламаларға жазылу