Бүгін Астанада Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің «Отырар» кітапханасында «Ұран» газеті. 1917-1918» атты кітаптың тұсаукесері өтті.
Шараға филология ғылымдарының докторы, профессор Намазалы Омашев, «Жайық Пресс» ЖШС бас директоры Жантас Набиоллаұлы, филология ғылымдарының докторы Дихан Қамзабек, республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің шолушысы Сүлеймен Мәмет және журналистер, университет оқытушылары мен студенттер қатысты.
Бұл кітап – ХХ ғасырдың басында қазақ халқының тәуелсіздігі үшін күрескен Алаш қайраткерлерінің үні болған, 1917-1918 жылдары Бөкей ордасында жарық көрген «Ұран» газеті туралы.
Кітаптың жарық көруіне атсалысқан Жантас Набиоллаұлы: «Бұл кітапты шығару барысында біз газетті бірден таба алған жоқпыз. Кеңес үкіметі кезінде бұл газет тіпті зерттелмеген де. Оған тыйым салынған. Соның салдарынан ешқандай мұрағатта сақталмаған. Араб әліпбиімен жазылған Алаш идеясын қолдаған газет. Басылымның бас редакторы – Ғабдолғазиз Мұсағалиев деген өте білімді, заңгер азамат болған. Бұл – нағыз қиын-қыстау кезеңде бір жыл бойы үздіксіз шығып тұрған тұрақты газеттердің бірі. Газеттің толық сандарын Қазақстанның да, Ресейдің де мұрағаттарынан таба алмадық. Тек Алматы қаласындағы «Республикалық кітап мұражайынан» ғана бір түпнұсқасы сақталыпты. Оны 1978 жылы бір азамат арнайы тапсырған екен. Сол түпнұсқа негізінде осы кітап шығып отыр»,-дейді.
Шара соңында оқу орнының кітапханасына кітаптың бір данасы табыс етілді.