«Ұран» газеті. 1917-1918» атты жинақтың таныстырылымы өтеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Ұран» газеті. 1917-1918» атты жинақтың таныстырылымы өтеді

10.11.2014
«Ұран» газеті. 1917-1918» атты жинақтың таныстырылымы өтеді

12 қараша күні Астанада  Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің «Отырар» кітапханасында «Ұран» газеті. 1917-1918» атты кітаптың тұсаукесері өтеді.

Кітап ХХ ғасырдың басында қазақ халқының тәуелсіздігі үшін күрескен Алаш қайраткерлерінің үні болған, 1917-1918 жылдары Бөкей ордасында жарық көрген «Ұран» газеті туралы.

1917 жылғы ақпан төңкерісінен кейін қазақ зиялылары жер-жерде газет ашып, қазақ қоғамын ояту, қазақ мүддесін қорғау әрекетіне кірісті.

Орынборда шығып тұрған әйгілі «Қазақ» газетінің ізімен Семейде – «Сарыарқа» газетi, Ташкентте – «Алаш» газетi, соңынан «Бiрлiк туы», Керекуде «Жас азамат» т.б. газеттер шығып, Алаш ұранын ту еткен еді.

Осы басылымдардың қатарында «Ұран» газеті де 1917 жылдың 28-шілдесінен бастап сол кездегі Астрахань губерниясына қарасты Ішкі ордалықта, Орда қаласында шыға бастаған.

Газеттің редакторы - Ғабдолғазиз Мұсағалиев болған. Сондай-ақ, газет жұмысына Ғұмар Қараш, Нұғман Манаев, Бақыткерей Құлманов, Бисен Жәнекешев, Ғабит Сарбаев сынды қайраткерлер белсене араласқан. Бейімбет Майлиннің өлеңдері жарияланған.

«Ұран» газеті – бөкейлік қазақ зиялыларының 1917 жылғы сәуір сиезі шешімі нәтижесінде құрылған, «Ордалық мұсылман бюросы» атты ұйымның құрылтайшылығымен жарық көрген жартылай ресми газет.

Газеттің өз баспаханасы болған. 1918 жылы 17 қарашадан бастап Ордада Кеңес үкіметі орнаған кезде, большевиктер «Ұран» газетінің орнына «Известия-Хабар» атты газет шығарады. Бұл баспахана «Тұңғыш қазақ совет баспаханасы» аталған.

Алаш идеясын қолдап, ұлттық-автономиялық бағытты насихаттағаны үшін Кеңес үкіметі тұсында бұл басылым туралы айтуға, зерттеуге тыйым салынды.

«Ұран» газеті туралы Сәкен Сейфуллин өзінің «Тар жол, тайғақ кешу» кітабында: «Бөкей ордасының біраз оқығандары, ақын, молда Қарашұлы бас болып, «Ұран» деген газет шығарып, «Алашорданы» ұран қылып тұрды... Қарашұлы Омар «Алаш» ұранын жыр қылып, кітапша жазып шығарды. Ұмытпасам, кітапшасының аты «Терме» (дұрысы «Тұрымтай» - Қ.Қ.) еді. Кітапшасында Әлекеңді мақтайды», деп жазған.

Жұртшылық назарына ұсынылғалы отырған жинаққа «Ұран» газетінің республикалық Кітап музейінен табылған 9 саны қазіргі әліпбиге аударылып ұсынылған. Сондай-ақ, газет шығарушылар туралы мәліметтер, «Ұран» газеті туралы зерттеулер де осы жинаққа енгізілді.

Хабарламаларға жазылу