Қырғыз халқы Қазақстанның қолдауына дән риза - Алмазбек Атамбаев

07.11.2014
Қырғыз халқы Қазақстанның қолдауына дән риза - Алмазбек Атамбаев

Отырыс барысында сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты әрі қарай тереңдету мен кеңейту міндеттерінің ауқымы анықталды. Сондай-ақ, екі ел арасындағы өзара іс-қимылдың перспективалы бағыттарын пысықтау мәселелері де қозғалды.

Қазақстан Президенті Кеңес жұмысының 7 жылы ішінде оның маңызды шешімдер қабылдауға септігін тигізетін жоғарғы орган ретінде белсенділік көрсеткенін атап өтті.

«Қазақстан мен Қырғыз елі түрлі халықаралық ұйымда, интеграциялық бірлестіктер  өзара іс-қимылды келісе отырып жүзеге асырады, сондай-ақ, заманауи сын-қатерлерге, терроризм мен экстремизм қатерлеріне бірлесе қарсы тұрады, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев елдеріміздің арасындағы екіжақты сауда қатынастары өрлеу траекториясы бойынша дамып келе жатқанын айтты.

Өз кезегінде Қырғыз Республикасының Президенті көрсетілген қолдау мен түрлі мәселелердің шешіміне атсалысуға әзірлік үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа ризашылығын білдірді.

«Қырғыз Республикасы күрделі жағдайда тұр, елеулі энергетикалық проблемалар бар. Осы және басқа да көптеген мәселеде бізге көмек көрсетпек болып шешкеніңіз біздің жүрегіміз бен жадымызда әрдайым сақталады.

Мұндай ықылас пен қолдауға бүкіл Қырғыз халқы дән риза. Осы жылдар ішінде Сіздің ел қандай дамудан өткенін біз көріп отырмыз. Қазақстан ең жедел дамыған бес мемлекеттің, әлемдегі 50 ірі экономиканың қатарына кірді.

Астанаға әр келген сайын далада осындай ғажайып қала бой көтергеніне таңданысым таусылар емес»,- деді А.Атамбаев. 

akorda.kz

Хабарламаларға жазылу