XVII Халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінде «Үздік әдеби шығарма» аталымы бойынша «Таңшолпан» бағдарламасының шеф-редакторы, ақын Олжас Қасым жүлделі бірінші орынды иеленді. Ал, «Таңшолпан» бағдарламасының редакторы, ақын Саян Есжан «Жұлдыз» журналының Ғафу Қайырбеков атындағы арнайы сыйлығының иегері атанды.
Біздің анықтама:
Олжас Қасым 1989 жылы 22 сәуірде Семей қаласы, Абыралы өңірі, Таңат ауылында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті журналистика факультетінің түлегі. Бүгінде «Қазақстан» Ұлттық телеарнасының «Таңшолпан» бағдарламасында шеф-редакторы қызметін атқарады. «Алтын қалам-2011», Жастар одағының «Серпер» сыйлығының иегері. «Бозбеткей» өлеңдер жинағының авторы.
Саян Есжан 1991 жылы Ақмола облысы Бурабай ауданына қарасты Түлкілі ауылында дүниеге келген. Өлеңдері республикалық мерзімді басылымдарда жарияланып, туындылары он шақты ұжымдық жыр жинақтарына енген. 2013 жылы Астана қаласындағы Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің Журналистика және саясаттану факультетін тәмамдаған. Ол – «Таңшолпан» бағдарламасының редакторы.