Оңтүстік өңірі баспасөзінің қарашаңырағы «Оңтүстік Қазақстан» газетінің жарық көре бастағанына - 90 жыл. Тұнба бастауын «Ақ жол» басылымынан алатын бұл газетке Сұлтанбек Қожанов, Тұрар Рысқұлов, Нәзір Төреқұлов, Міржақып Дулатұлы, Қошке Кемеңгерұлы, Халел Досмұхамбетов және басқа да ұлт қайраткерлері атсалысып, халық мүддесін көздеген түрлі тақырыптағы мақалалары мен шығармаларын, пікірсайыстарын жариялап отырған.
Қазақтың қамын жеп, мұңын мұңдаған, жоғын жоқтаған. Алаш ардақтыларының ізгілікті идеясын Мұхтар Әуезов, Жүсіпбек Арыстанов, Бейсенбай Кенжебаев сынды біртуар тұлғалар жалғастырды. Олар қазақтың салт-дәстүрін, тарихын, тілін, дінін кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге етіп, руханиятты ұлықтаған даралар еді.
Бүгінгі күні де газет солардың сара соқпағымен жүріп, Тәуелсіз мемлекетіміздің саяси тұрақтылығын сақтауда. Облыс экономикасы мен мәдениетін дамытуда аса маңызды насихаттық рөл атқарып келеді.
Мерейтойға орай газет тарихы, бағыт-бағдары, ардагерлері, қазіргі қызметкерлері турасындағы мәлімет бір кітап аясында тоғысты.
Бұл кітаптан қалың жұртшылық басылымның тарихы мен бүгінгі тыныс-тіршілігінен, облыста атқарылып жатқан ауқымды саяси-экономикалық және әлеуметтік-мәдени істерден хабардар бола алады.
«Байыпты дара басылым», «Басылым тарихы мен танымы», «Газет редакторлары», «Аққан жұлдыздар», «Газетке еңбек сіңіргендер» және «Газеттің бүгінгі тыныс-тіршілігі» атты бес бөлімнен тұратын кітап жалпы оқырманға арналған.