«Astana Opera» әртістері жүлделі орыннан көрінді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Astana Opera» әртістері жүлделі орыннан көрінді

04.11.2014
«Astana Opera» әртістері жүлделі орыннан көрінді

Шараға әртүрлі театрдан келген 50 әртіс қатысты. Елордалық «Astana Opera» ұжымынан үш биші барды. Олар - балеттің жетекші солисі Әйгерім Бекетаева, балет әртістері – Бақтияр Адамжан және Еркін Рахметоллаев.

Шығармашылық жұмыстың нәтижесі ретінде Бақтияр Адамжан мен Әйгерім Бекетаеваның екінші, Еркін Рахметоллаев үшінші орынды иеленді.

Қорытынды гала-концертте Әйгерім Бекетаева мен Еркін Рахметоллаевқа Г. Форенің музыкасына жазылған, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Ғалия Бөрібаеваның қойылымындағы «Паване» биін тағы бір билеуге өтініш түсті.

«Біздің әртістер өте жақсы нәтиже көрсетті. Олардың жұмысын КСРО Халық әртісі Вячеслав Гордеев тең төрағалық еткен қазылар алқасы жоғары бағалады. Алқа мүшелері қазақстандық әртістердің кәсіби тұрғыдан биікте екенін, жалпы қазақстандық балеттің өскенін атап өтті. Дегенмен әртістерімізге ұзақ уақыт қошемет көрсетіп, жібермей қойған көрермен біздің басты бағалаушымыз», – дейді «Astana Opera» балетінің көркемдік жетекшісі Тұрсынбек Нұрқалиев.

Қытай астанасы Бейжіңде 11-25 қазан аралығында Балет әртістерінің V Халықаралық конкурсы өтті. Сайыста Қытай, Америка, Австрия, Венгрия, Болгария, Қазақстан, Ресей әртістері бақ сынасты. «Astana Opera»  балетінің әртісі Еркін Рахметоллаев үшінші сыйлықты иеленді.

13 елден жиналған қонақтар арасында қазақстандық бишінің шеберлігін атап өткен көптеген балет мектебінің өкілдері болды. Қазылар алқасы мүшелеріне бәрінен де Р. Вагнердің музыкасына жазылған «Еске алу» биінің идеясы ұнады, онда санаулы минут ішінде бір адамның өмірі көрсетіледі.

«Менің ойымша, Еркін биді лайықты деңгейде орындады, уақыттың зымырайтыны туралы ойды жеткізе алды», – деп толықтырды Тұрсынбек Нұрқалиев. Жүлделі орынмен қатар Еркін Рахметтолаев Италияда өтетін балет әртістерінің конкурсына қатысу сыйлығын, сондай-ақ Будапештте болатын Рудольф Нуриев атындағы конкурсқа қатысуға шақыруды қанжығасына байлады, деп хабарлайды «Astana Opera» театрының баспасөз қызметі.

Хабарламаларға жазылу