Қазақ мәдениеті Парижді тәнті етуде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақ мәдениеті Парижді тәнті етуде

01.11.2014
Қазақ мәдениеті Парижді тәнті етуде

Франция астанасы – Парижде Астана күндері аталып өтуде. Қала орталығындағы Лувр мұражайының қарсы алдында қазақ этноауылы құрылды. Шараға еліміздің Франциядағы елшісі Нұрлан Дәненов пен Астана қаласы әкімінің орынбасары Аида Балаева қатысты, деп хабарлайды елорданың ресми сайты.

Париж орталығында орналасқан қазақ этноауылы көпшілікті тәнті етті. Алаңда үлкен киіз үйлер тігіліп, алтыбақандар орнатылды, ұлттық қолөнер шеберлері көпшілікке өз өнімдерін ұсынды, әншілер мен мың бұралған бишілер өз өнерлерін ортаға салды. Қонақтарды ұзын бойлы жауынгер жігіттер мен сұлу қыздар қарсы алды.

Салтанатты шараның алдында Париждің бірінші округының мэрі Жан-Франсуа Легарэ, Қазақстан Республикасының Франциядағы елшісі Нұрлан Дәненов пен Астана қаласы әкімінің орынбасары Аида Балаева, сонымен қатар, басқа да құрметті қонақтар этноауылды аралап көрді.

«Былтыр Қазақстанда Франция жылы аталып өткен. Биылғы жыл Франциядағы Қазақстан жылы деп жарияланды, оның аясында Парижде Астана күндері өтуде. Франция төрінен этноауыл ашып, қазақ халқының мәдениетін, тұрмысын және өнерін көрсеттік. Париж қаласының тұрғындары ұйымдастырылған шараларға үлкен қызығушылық танытып отыр. Екі күннің ішінде 10 мыңға жуық адам келеді деп күтілуде», - деді Астана қаласы әкімінің орынбасары Аида Балаева.

Хабарламаларға жазылу