Сарбаздар күрең берет киді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сарбаздар күрең берет киді

31.10.2014
Сарбаздар күрең берет киді

Әскери жиынға ҚР Ұлттық Ұланы Бас қолбасшысының орынбасары Мұхаметқали Сатов қатысты. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігінің ресми сайты хабарлады.

Күрең берет жолындағы бәсеке жыл сайын өтедi. Биылғы сайыста 22 сарбаз бақ сынады. Жалпы, күрең береттен Ұлттық Ұланның арнайы мақсаттағы бөлiмшелерiнiң 260 жауынгерi үмiттi еді. Алайда, бiрнеше кезеңнен кейiн олардың саны азайып, шешушi кезеңге 68 сарбаз шықты.

75 шақырым жүгiрiп өтiп, 20 шақты нормативтiк сынақтарды тапсыруға кез келгеннiң шамасы жете бермейтiнi анық. Нәтижесiнде шешуші сынға 22 сарбаз ғана iрiктелiп алынды.

Сарбаздар 75 шақырымға жүгiруден бөлек, оқ ату, төбесiнен оқ борап, iргесiнде граната жарылған кедергiлер жолағынан өту сынақтарын тапсырды. Сондай-ақ, қиын әрi күрделi дене жаттығуларын жасап, инженерлiк-топографиялық бiлiмдерiн де ортаға салды.

Күрең берет киiп, «Бүркiт» төсбелгiсiн тағынған бұл жiгiттер Қазақстан Республикасы Ұлттық Ұланының құрамындағы «Бүркiт» арнайы мақсаттағы бөлiнiсi құрамында ең күрделi, қауiптi әрi жауапты әскери тапсырмаларды орындайтын болады. Сыннан сүрiнбей өткен қайратты жiгiттер Отанға адал қызмет етуге Ант бердi.

Айта кету керек, Шымкенттегi «Күрең берет» сынағын Беларусь, Қытай және Ресей мемлекеттерiнiң әскери мамандары да тамашалады. Себебi, ТМД көлемiнде жауынгерлердiң мұндай сайысы жоқ. Ұлттық Ұлан сарбаздары арасында күрең берет иегерi атану – өте үлкен абырой.

Хабарламаларға жазылу