АПЛ. «Манчестер Юнайтед» - «Челси» - 1:1 - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

АПЛ. «Манчестер Юнайтед» - «Челси» - 1:1

27.10.2014
АПЛ. «Манчестер Юнайтед» - «Челси» - 1:1

Бұл ойынға жаттығуда жарақат алған алаң иелерінің шабуылшысы Радамель Фалькао қатыспады. Ал, жарақатынан айықпаған Фил Джонс пен Андер Эррераны Крис Смоллинг пен Маруан Феллайни алмастырды.

«Олд Траффорд» стадионына  қонақтар сапынан Диего Коста мен Лоик Реми келмеді. Олардың орнына орталық шабуылшы міндеті Дидье Дрогбаға сеніп тапсырылды. Ал, өткен ойында ескерту алған Сесар Аспиликуэтаны Филипе Луис ауыстырды.

Матч қызықты басталды. Оскар соққысына қорғаушылар тосқауыл қойса, Феллайнидің өкшемен бағыттаған добын Тибо Куртуа тоқтатты. Әуедегі допты қақпаға бағыттаған Анхель Ди Марияның соққысы қисық кетті.

Кейін ойынның қарқыны төмендей бастады. Тек бірінші таймның ортасында «Манчестер Юнайтед» екі шабуыл ұйымдастырды. Алайда, Робин Ван Перси қақпашыдан айласын асыра алмады.

Бірінші таймның соңында Давид Де Хеа да шеберлігімен көзге түсті. Ол Дидье Дрогбаның қауіпті соққысын қақпаға дарытпады.

Ойынның 53 минутында Дрогбамен доп алмасқан Эден Азар айып алаңының ортасынан қақпаға тура соққы бағыттады. Бұл соққыны Де Хеа тамаша қайтара білді. Дегенмен, бұрыштама добы белгіленіп, Сеск Фабрегастың көтерген пасын Дидье Дрогба голға айналдыды. Есеп – 0:1.

«Челси» ойының соңына дейін қарсыласына мүмкін бермей, басымдықты ұстап тұрды.  Алайда, матчтың соңғы секундтарында  Робин Ван Перси соққан гол «Манчестер Юнайтедті» жеңілістен құтқарып қалды.

Феллайни айып добынан тура соққы бағыттады. Куртуа кері қайтарғанымен, Ван Персидің қарымта соққысына дайын болмады. Есеп – 1:1.

Фото: premierleague.com

 

Хабарламаларға жазылу